ҮЗДІК ДЕТЕКТИВ ШЫҒАРМА АНЫҚТАЛДЫ | «Айқын» газеті
Алматыда қалалық соттың 50 жылдық, «Заң» медиа корпорациясы» ЖШС-ның 25 жылдық мерейтойына орай республикалық «Заң» газетінің бастамасымен жүзеге асқан детектив шығармаларға арналған байқаудың қорытындысы шықты. Қазақ прозасының кенжелеп қалған жанрын дамыту мақсатында қолға алынған байқауға 70-тен астам қаламгер өз шығармасын ұсыныпты.
Жүлде қоры 1 млн теңгені құрайтын байқауға Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан Әлім, журналист, жазушы Серік Сарыбаев, детектив жанрында қалам тербеп жүрген Елеусіз Мұратов секілді тұлғалар қазылық етті.
Марапаттау рәсімі басталмай тұрып қалалық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов, «Заң» медиа корпорациясының басшысы Досымбек Өтеғалиев пікір білдіріп, байқаудың маңыздылығына тоқталды.
– Детектив шығармалар бұған дейін де «Заң» газеті мен «Юридическая газетада» жарияланып тұратын. Дегенмен бірізділік болған жоқ. Бірде шығып, кейде біраз уақыт жарық көрмей қалатын. Сондықтан осы бір ала-құлалықты жойып, шытырман оқиғалы жанрдың дамуына атсалысқымыз келді. 4-5 ай уақыт ішінде байқауға келіп түскен шығармалардың жақсысы да, жанр талаптарына жауап бермейтіндері де бар. Қазылар алқасы әділдікті ту етіп, үздік шығармаларды анықтай алды деп ойлаймын. Осы бастаманы жан-жақты қолдағаны үшін Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбенұлы мен ұжымға алғысымызды білдіреміз, – дейді Досымбек Өтеғалиев.
Байқау қорытындысында бірінші орын мен 500 мың теңгелік сыйақыны Әлібек Байбол жеңіп алды. Екінші орын Жанар Жанапияноваға бұйырса, Қуандық Шамахай, Еркеғали Бейсен және Әсем Жұмақан жүлделі үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ Жадыра Шамұрат, Арман Жусанбай, Талшын Күлпейіс, Гаухар Нұрханова және Қанат Ғұмаров есімді қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
– Аманхан Әлім детектив жанрына байланысты жақсы мысалдар келтірді. Әлем әдебиетін алып қарасақ та аңыз әңгімелер негізінде талай жақсы шығармалар жазылған. Ұсынған дүниелеріме келсем, «Жеті» және «Миллион» деген екі шығармамды ұсындым. Бірінші шығармам аңыз арқылы өрнектелсе, екіншісінің сюжетін Ресей газетінен алдым. Онда әжесі мен немересінің өлтірілуі суреттеледі. Сөйтсе, ол екеуінің жинап жүрген миллионы бар екен, оны сантехник біледі екен. Қылмыскерлерді арнайы тәсілдер арқылы ізкесушілер табады.
Детектив жанрына үш жылдай бұрын үш әңгіме жазғанмын. Оның біреуі баспасөзде жарияланды. Ал осы жанрда еңбек еткен әлемдік жазушылардың біразын оқып шыққанмын. Өз басымды психология, криминалистика бала кезімнен қызықтырады. Әдейілеп мәйітханаға барған кезім де болған. Іштей ойланып, тақырыпқа терең бойлап, зерттеуге тырысамын. Кейін сол ойды толық пісіріп, шығармаға кірісемін, – дейді бірінші орын иегері Әлібек Байбол.
Абай АЙМАҒАМБЕТ
Дереккөз: Айқын