Аймағамбетов «Отағасы туралы» заңды қолдамайтынын айтты

0

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізге «Отағасы туралы» заңды қабылдау туралы ұсынысты қолдамайтынын жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

«Тіпті жануарларды да ұруға болмайды»

Оның пікірінше, заң жалпы отбасыға ортақ болуы керек.

 Әйел адамды да, ер адамды да, тіпті жануарларды да ұруға болмайды. Мұның бәрі заңда анық реттеледі, – деді ол.

Осы орайда тілшілердің бірі Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің «Ер азаматтың рөлін көтеру үшін, бәлкім, «Отағасы туралы» заң қабылдауымыз керек шығар» деген ұсынысын қалай бағалайтынын сұрады.

Сауалды бұл мәселені көтергендерге қою керек шығар. Бізге әке мен анаға, балаларға, жалпы азаматтарға қатысты біртұтас заң керек. Заң жобасы осыны қолдайды. Біз бұл жерде әйел, еркек деп бөлмейміз. Заң жобасы бәрін бірдей қолдайды. Ал жеке-жеке заң қабылдауды қолдамаймын, – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, депутат Ермұрат Бапи әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасын талқылау барысында тың ұсыныс білдірген болатын. Ол заң жобасын қорғаған әріптесі Жұлдыз Сүлейменоваға «Отағасы туралы» заңды қабылдауға қалай қарайтынын сұраған. Бапидің бұл ұсынысын басқа депутаттар қошеметпен қолдаған еді.

«Әкең келсін, сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік»

Әкелерді бұл заңмен сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Осы залдағылардың көбі «Әкең келсін, сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыда келгенде сіз қалай ойлайсыз? Ер азаматтың рөлін көтеру үшін, бәлкім, Отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар? – деп сұрады Бапи Сүлейменовадан.

Жұлдыз Сүлейменова бұл заңда әйелдер мен балалардың құқығын қорғау көзделгенін, десе де Отағасы туралы заң шықса, оны бірінші қолдайтынын айтқан.