Елден қашуға Назарбаевтың өзі рұқсат берді — Анар Мешімбаева

0

Статистика агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Мешімбаева 2009 жылы санақтан кейін 746 миллион теңге көлемінде ақша жымқырды деген айыппен 5 жыл жазасын өтеп шыққан болатын. Экс-шенді кейін «Өмір сынақ» атты кітап та шығарған. Ол Nege.kz сайтына берген сұхбатында Назарбаев пен Мәсімовке, Қожамжаровқа қатысты біраз шындықтың бетін ашты.

2009 жылы Мешімбаева мен оның екі орынбасарына қатысты атышулы қылмыстық іс қозғалған болатын. Артынша шенеунік Түркия асып, кейін Мәскеуге кеткені ел аузында жүрді. Тіпті ол 3 жыл көлемінде іздеуде болды. Бұрынғы төрағаның айтуынша, мұндай шешімге ол Назарбаевтың бұйрығымен барған.

«Елден кетпеймін, егер қашсам, шынымен «ақшаны ұрлады» деп айтады» дедім. Бірақ президент «Ештеңеден қорықпа. Әрі кетсе, бір жыл немесе бір жарым жылдан кейін қайтарып аламыз. Ол кезде бәрі тынышталады» деді.

Ең бастысы «сенің екі орынбасарың да түрмеге отырмайды» деген уәде берген. Негізі сол екеуін босатсын деп кетіп қалған едім.

Өз басым президентке сендім ғой. «Сотталып кетем-ау» деген титтей де күмән болмады. Ал кейін «бәлкім, кетпегенде басқаша болар ма еді» деген ой да келді. Бірақ нақты білмедім. Мүмкін, елден кетпесем, бәрібір соттап жіберетін бе еді.

Біз бәрі әділетті, шынайы болады деп күттік. Алайда оларға бұл ойын сияқты.

Біреу былай айтса, оған сенеді, екінші біреу басқаша пікір білдірсе, «түрмеге отырғызайық, сабақ болсын» дейді. Олар адамның өмірін емес, саясатты ойлайды. Бұл жерде бізге қарсы жұмыс істеген Қаржы полициясының басшысы Қайрат Қожамжаров қана емес, арнайы топ болды ғой», — деп әңгімеледі сотты болған бұрынғы шенеунік.