Құмар ойын ойнап көрдіңіз бе? – Өнердегі азаматтар жауап берді

0

Nege.kz ақпарат агенттігінің тілшіcі өнер адамдарына хабарласып, құмар ойынға қатысты пікірін сұрады. Бұл туралы Kznews.kz сайтқа сілтеме жасап жазады.

Балғымбек ИМАШЕВ, айтыскер ақын:

– Алғаш жоғары оқу орынына түсуге Алматыға келген шақта барахолка базарының маңында «Алик-малик-шарик» дегенді ойнап көріп, бір алданғаным бар. Ол кезде ауылдан келген аңғал баламыз ғой. Ал букмекерлік кеңсе мен ойын залдарына мүлде бас сұғып көрмеппін.

Мысалы, менің туып-өскен ауылым мен Алматының екі ортасындағы Қонаевта қаз-қатар тізіліп, казино атаулы қаптап тұр. Солардың біреуіне кіріп көрмеппін. Мұның бәрі ата-анамыздың берген тәрбиесінің жемісі деп білемін.

Жастардың жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылуы қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Соңында жұрттың бәріне қарызға кіріп, ағайын-туыс алдындағы абыройынан айырылып, берекесі кетіп жатады. Сондықтан қыздарды ана, ұлдарды әке болуға тәрбиелеу мақсатында бала күнінен мал-мүлікті адалынан тапса, берекесі болатынын айтып отыру қажет.

Адал ризық шаңырақтың шайқалмауына, ұрпақтың салиқалы болуында үлкен рөл атқаратынын үнемі насихаттап отыруға тиіспіз. Тілегіміз, дұғамыз қабыл болу үшін жегеніміз адал болуы керек. Бізде көбіне харамға арақ пен шошқаның етін ғана жатқызады. Алаяқтықпен, ойынқұмарлықпен, кісі ақысын жеумен келген қаражат та – харам. Ондай ақша ешқашан берекелі болмайды. Тіпті жеңіл жолмен табыс таптым дегеннің өзінде оның соңы жақсылыққа апармайды.

Саят МЕДЕУОВ, әнші:

– Жасыратыны жоқ, ойнап көрген достарым болды. Бірақ ешқайсының оңғанын көрмеппін. Себебі ешкім тегіннен-тегін ақша бермейді ғой. Соңы жақсылыққа апармасы анық. Ең жаманы – адамды елітіп әкетеді де, қарызға қалай кіріп кеткенін білмей қалады.

Өз басым ешқандай азарт ойын ойнап көрген емеспін. Әкем марқұм «Балам, мен сен үшін, туған ауылым, ағайын туысым, елім үшін жаман нәрсеге жолаған жоқпын. Осыны ақылыңа сал» деп отыратын. Сол сөзі өмірлік сабақ болды. Кез келген ата-ана балам жаман болады деп ойламайды. Кейде адамды орта бұза ма деп пайымдаймын. Әрдайым ұл-қызымыздың жүрген ортасына, жолдастарына жіті мән беруіміз қажет сияқты.

Нұрлан ӘЛІМЖАН, актер:

– Құмар ойын орталықтарына ешқашан барған емеспін, қызықпаймын да. Бала күнімізде ауылда көпшілік іш пысқанда жағалай карта ойнайтын еді. «Соның орынына кеткен уақытқа неге кітап оқымайды немесе спортпен шұғылданбайды» деп ойлайтынмын. Әлі күнге дейін сол қағидадан таңған жоқпын. Бала-шағама да солай айтып отырамын.

Ал казино дегенді тіптен сайтани дүние деп қабылдаймын. Компьютер немесе соткамен отырып ойнайтын ойындардың өзін жарытпаймын. Қас қағым өмірді руханиятқа жұмсамай, азарт ойындармен өткізу – ақымақтық. Алланың берген алтын уақытын текке кетірген ысырапшылдық.

Аттарын атамай-ақ қояйын, бір екі досым мен сыйлас ағаларымды жеңгелерімнің сұрауымен казинодан сүйреп алып шыққан сәттерім болған. Сондықтан өз басым елде құмар ойын орталықтарының болғанына түбегейлі қарсымын. Дегенмен, олардың артында тұрған үлкен күштер бары анық. Мұның бәрі азаматтардың адасуына алып келіп жатыр. Жастар жеңіл жолмен келген ақшаның берекесі болмайтынын түсінсе екен. Абай атамыздың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» дегеніндей, өмірде құмар ойыннан өзге қызық жеткілікті. Оған кеткен уақыттарыңызды отбастарыңызға, театрдағы әдемі қойылымдарға баруға, тамаша туындылар оқуға, анаңызбен әңгімелесіп шай ішуге арнаңыз. Бақыт деген – осы.