Облыс атауын берген өңірді обалды қылмайық
Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан Республиасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының негізгі көзі болып отырған Жезқазған аймағына облыс дәрежесін беріп, оны «Ұлытау» деп атаған болатын.
Бұл өңірде осы екі жылдың мұғдарында облыстың деңгейіне сай келетін дүниелер жасалды деп айту қиын. Облыс орталығы деп бекітілген Жезқазған қаласының осы жылдар ішінде көркейіп, дамып кеткенін де байқай алмадық. Бұл өкінішті жайт.
Президент пәрменінен кейін облыс атағы берілген өңірде Қарағанды облысы құрамында туындаған мәселелер әлі де өз шешімін таппай келеді. Мұндағы жұртшылықты сапалы ауызсу, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы қалаішілік жол, Қызылорда мен Жезқазған, Арқалықты байланыстыратын республикалық маңыздағы жолдардың жағдайы алаңдатуда.
Мемлекет басшысының облысты «Ұлытау» деп атауы тегін емес. Ұлытаудың баурайындағы мысты шаһардан 120 шақырымдағы қасиетті Ұлытауды туризм орталығына айналдыратын мезгіл жетті. Жезқазғаннан Ұлытауға барар жолдың сиқы да оңып тұрған жоқ. Қасиетті мекенге қадам бастар тұстан 15 шақырым жерде «Күмісбұлақ» деп аталатын жер астынан шығатын бұлақ көзі орналасқан аумақты «Қазақмыс» корпорациясы былтыр қолға алып, «туристерге ыңғайлы орта қалыптастырамыз» деген болатын. Бұл шаруа да қағаз жүзінде қалған сыңайлы.
Бірі кен, бірі сары мыс өндірген қос қаланың жұртшылығындағы басты мәселе – ортақ жылу, энергетика орталығын салдыру. Бұл мәселе 2029 жылға дейін шешіліп, жылу, энергетика орталығы салынады деп уәде берген облыс басшылығы мен тиісті министрліктің ісі қашан қолға алынатынын Ұлытау облысының халқы біле алмай дал. Өйткені, қос қаладағы жылумен қамту орталықтары қажып тұр. Қытымыр қыста ілдебайлап шығатын Жезқазған жылу, энерегтика орталығы мен Сәтбаев қаласындағы жылу қазандығы биылғы қысты әупірім деп өткеруде.
Президент облыс атауын берген өңірді обалды қылмай, биылғы жылы өңірді дамытудың кешенді жоспары бойынша көзделген шаруаларды атқарған жөн болар. Әйтпесе, екі жылға аяқ басқан облыс халқының Ұлытаудың әрі қарай облыс болып кетуіне күмәнді. Біз тізіп берген мәселелер аймақ басшысының назарында екендігі анық. Оны тез арада жүзеге асыру да өзінің қолында. Халықтың сенімінен айырылып қалмай тұрып, іске көшкен дұрыс шығар…
Азамат Оралұлы