«Соққыға жығып, соңынан аңдыған»: Алматылық қызды ұрып-соққан әкімдік қызметкері жұмысынан босатылды
Алматыда мейрамханалардың бірінде қызды ұрып-соғып, соңынан аңдыды деп айыпталған әкімдік қызметкері Ділмұрат Омаров жұмысынан босатылды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі zakon.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы әкімдігі Ділмұрат Омаровтың шынымен де 2022 жылдың қарашасынан бері Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы қызметін атқарғанын айтты.
«Осы оқиғадан кейін Д. Омаров биыл 19 ақпанда өз еркімен жұмыстан босату туралы арыз беріп, өтінішті кадр қызметі қабылдап, заңның 61-бабының 1-тармағының 1-бөлігіне сәйкес, «Мемлекеттік қызмет туралы» қаулысымен Д. Омаров қызметінен босатылды», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда жанжалдың мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Жағдайға қатысушыларға қатысты құқықтық баға беру және тиісті ден қою шаралары жүргізілуде.
Бұған дейін алматылық қыз әкімдік қызметкері ұрып-соғып, қысым көрсетті деп шағымданған болатын. Сондай-ақ ол соққыға жыққан адамның бұрынғы жігіті екенін айтқан еді. Оқиға 17 ақпаннан 18 ақпанға қараған түні Алматыдағы мейрамханалардың бірінде болған.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағандының бұрынғы әкімі, белгілі саяси және қоғам қайраткері Шәймерден Оразалиновтың әйелін өз ұлы ұрып-соққаны туралы жазған едік.