Танысу қосымшасында жұп іздеу қауіпті ме?

0

Жастар арасындағы махаббатты, сезімді түсіну қиын. Себебі, жұптардың жүзбе-жүз қарым-қатынастары азайып барады. Қазіргі таңда елімізде танысу қосымшалары арқылы қарым-қатынас өрбітетіндердің қарасы көбейген. Әлеуметтік желіде танысып, кездесуде арам ойын жүзеге асыратындар туралы жан түршігерлік жағдайларды жиі еститін болдық. Тіпті, сенімге әбден кіріп, қарызға белшесінен батыратындар да бар дейді Kznews.kz тілшісі.

Қазір таныстық алаңындағы қосымшалар жастарға жақсы таныс. Сондай қосымшалардың бірі – Тиндер. Бұл туралы сіз де естіген боларсыз. Деректерге сүйенсек, әлемде Тиндер желісін қолданушылар саны 75 миллионнан асады. Оның 78,1 пайызы ер адамдар болса, 21,9-ы қыздар қауымы. Ал, тұтынушылардың 30 пайызы үйлі-баранды кісілер. Атағы жер жарып тұрған бұл қосымша жастар арасында өте танымал. Әуелі қосымшаға тіркеліп, өзің туралы қысқаша ақпараттарды толтырып, фотосуретіңізді жүктейсіз. Кейін сізге қызығушылық танытқандар дос болуды ұсынады. Өзіңізге сәйкес келетінді таңдап, қабылдай аласыз. Жалпы, қосымшада отыратындардың мақсаты бір, бұл – махаббатыңды табу. Ал, психологтардың айтуынша мұндай қосымшаларды көбіне жалғызсырап жүрген, махаббат жетіспейтін жастар қолданады екен.

– Аталған қосымшада отыру қауіпті. Себебі, экранның ар жағында алаяқ, педофиль, тіпті үйленген ер-азаматтар да отырады. Сол үшін өзіңіз туралы барлық ақпаратты айтпаған жөн. Егер кездесуге шығатын болсаңыз, түскі уақытты таңдап, жақындарыңызға ескертіп шыққан абзал,  – дейді психолог Дидара Әділжанова.

Әлеуметтік желі арқылы екінші жартысын тапқысы келген елордалық Айсана есімді арумен сұқбаттастық. Бикештің айтуынша, бастапқыда бәрі ойдағыдай болған. Бірнеше күн желі арқылы араласып, кездесуге келісім берген.

– Алғашында бәрі жақсы болды. Біздің ортақ қызығушылықтарымыз бар екен. Алға қойған мақсаттарымыз жайлы әңгімелестік. Менің ниетім екінші жартымды табу болғандықтан, ол адамға да сендім. Артынан кездесуді ұсынды, мен келістім. Қосымшаға тіркеген ақпаратына сүйеніп жасы 23те, бойдақ, келбеті келіскен жас жігітті күткен едім. Сөйтсем, кездесуге менен он жас үлкен, үйленген кісі келіп тұр. Солай қатты көңілім қалғаны бар. Бұдан кейін бұл қосымшаға кірмеймін деп өз-өзіме уәде бердім, – дейді Айсана.

Иә, «махаббат деген екі адамның сана биігінде жолығуы» деп Мұхтар Шаханов айтқандай, өмірлік серікті табуда сақ болған жөн. Бұл бей-жай қарайтын нәрсе емес. Көзбен көріп, жүрекпен сезініп жақсы көрмегеннен кейін, махаббаттың мәні де қалмайтындай. Сол себептен желіде қарым-қатынас құрудан мейлінше аулақ болғандарыңыз абзал. Бұл алдымен өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін қажет.