Тимур Құлыбаев Дубайдағы байларға арналып салынған құрылысын аяқтады
Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев Әбу-Дәбидің өңшең ығай мен сығайлар тұратын Nudra Villas ауданында виллалар кешенінің құрылысын аяқтады.
«Выход к море» телеграм арнасының жазуынша хан сарайындай виллаларды экс-президенттің күйеу баласының Біріккен араб әмірліктерінде тіркелген құрылыс компаниясы арқылы салған.
Әзірше ауқымды жобаның құны жайында нақты ақпарат жоқ. Жылжымайтын мүлік саласы мамандары мұндай ауқымды жобаны салу үшін кемінде 11 млрд теңге керек екенін алға тартыпты.
Nudra Villas ауданындағы виллалар кешенінің құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған болатын. Әл-Саадият аралындағы кешенде әр түрлі 32 вилла орналасқан.
БАӘ тарабы қазақстандық инвесторға виллалардың құрылысын жүргізуге 25 гектар жер телімін бөлген. Құлыбаевтың құрылыс компаниясы салып біткен элиталы үйлер теңіз жағалауына жақын. Бай-манаптардың тұруына өте қолайлы. Бұл үйлерді сатып алған бақытты жандар үйден шыға салып, теңізге шомылып, күнге қыздырына алады.
Бір қызығы Тимур Құлыбаевтың компаниясы соңғы вилланы ұзақ салса керек. Оның өзіндік сыры бар.
Әңгіме арасында кешенінің құрылысы 2020 басталғанын айттық қой. Ол кезде Назарбаевтың күйеу баласының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған еді.
Кейіннен Қаңтар оқиғасы орын алып, қайын атасы да, өзі де биліктен шететтілгеннен кейін Құлыбаевтың да мазасы болмағаны анық. Осы аралықта оның Араб әмірліктерінде салынып жатқан құрылысқа бас ауыртатындай мұршасы болмаса керек.
Кейіннен Тимур Құлыбаев өз-өзіне келгеннен кейін виллалардың құрылыс жұмыстары өз арнасына түскен.
Осылайша 2023 жылы вилла кешеніне тиесілі аумақ 50 гекатарға дейін артып, толықтай қоршалады. Сонымен қатар соңғы вилланың іргетасы құйылып, құрылысы қарқынды жүре бастайды.
Әбу-Дәбиде жылжымайтын мүліктің реестрін кез келген адамның көруіне шектеу қойылған. Бірақ «Выход к море» телеграм арнасы құрылыс жұмыстарына араласып жатқан бір мердігер компанияның портфолиосын сүзігіден өткізіп, біраз жайтты анықтапты.
ақпарат: Dalanews.kz
фото: ашықдереккөз