Мәжіліс депутаты «Назарбаевтың тұсында байыған» олигархтарды билігінен айыру керегін айтты
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, олигархтардың кесірінен елде “мүмкіндіктер теңсіздігі” орнағанын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, ұлттық бизнес жеке дара адамдардың қолында емес, жаппай халықтың игілінде болуға тиіс.
“Бізде әлі күнге дейін бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар екені анық. Оған дәлел – еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері 10-компанияның еншісінде, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз. Сонымен қатар еліміздегі 300 мыңға жуық жұмыссыз бен өзін жұмыспен қамтыған 2 миллионнан астам азаматты бизнес кеңістігіне тарту қажет”, – деп атап өтті ол.
Ол азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру үшін бизнесті жаңа ашқан тұлғаларға арзандатылған несие, жер игеруге жеңілдік, өндірістік технологияларға қолжетімділік жүйесін жасау маңызды екенін айтты.
“Ескі Қазақстан тұсында, ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, темір жолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлеріне жөн-жосықсыз ие болып отырған. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен «мүмкіндіктер теңсіздігіне» ұшырады”, – деп ашынды депутат.
Оның сөзінше, мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматқа өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бермейді.
“Назарбаевтың тұсында қара нарық пен көлеңкелі схемалар арқылы олигарх болғандардың орнына халық мүддесін ұмытпайтын «ұлттық буржуазияны» қалыптастыратын уақыт жетті. Ол үшін олигархияның экономикалық тамырына балта шауып, Қазақстанда әділ әрі адал кәсіпкерлік жаппай құбылыс болуы керек”, – деді ол.
Депутат сөзін қорытындылай келе, жаппай кәсіпкерлік дағды қалыптастыру үшін мынадай ұсыныстар айтты:
- Өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыю мен оларға лобби жасаушы топтарға тоқтау салу.
- Ірі тендерлердің әділетті, ашық өтуін бақылап, оны жаңа буын кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға бағыттау қажет.
- Мемлекет саясатын бұру, аудандық, облыстық деңгейде тегін бизнес дағды үйрету курстарын ашып, бизнес ашатын азаматтарға мемлекеттік арзандатылған несие, жер беру мәселелерін шешу.
Еске салайық, бұған дейін мәжілісмен Аманжол Әлтай премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын бар болғаны 100 мың теңгеге сатып алуға болатынын айтқан еді.