Есберген Алауханов: Елтаңбаны өзгерту – бір адам шешетін мәселе емес
Білім мен тәрбиенің бастауы мектептен басталады ғой. Қазір көп нәрсеге білім ордаларында көңіл бөлінбей жатыр. Білім, тәрбие саласында қысқартулар көбейіп кетті. Мәселен, Кеңес дәуірінде идеологияға көп көңіл бөлінді. Мектептерде арнайы пионер вожатыйлар болатын. Олар таза осы мемлекеттік рәміздерді түсіндірумен, насихаттаумен айналысатын. Әр сыныпта осы тақырыпта жиі тәрбие сағаттары, ашық сабақтар өтетін. Қазір сол дәстүр үзіліп қалды. Мектепте оқитын немерелерімізден сұрасақ, мемлекеттік рәміздер туралы ешқандай сабақ өтілмейтінін айтады. Балаларға әдебиет, мәдениет туралы әңгімелер де жүргізілмейтін сияқты. Жастармен сөйлескен кезде сөздік қорының нашарлығы білініп тұрады. Соған қарап қарның ашады. Бұл мәселені педагогтар назарына салуымыз керек. Себебі, баланың білімі, тәрбиесі, танымы мектепте қалыптасады. Балалар елтаңбаны білмесе, көп таңбаның ішінен таба алмаса, бұл мектепте жіберілген олқылықтың нәтижесі.
Сондықтан, мемлекеттік рәміздердің маңызын түсіндіріп, насихатын күшейткеніміз жөн. Насихат партадан басталуы керек. Әрине, елтаңбадағы белгілердің көптігін, кейбірі санада жаттала бермейтінін айтатындар бар. Тіпті елтаңбаны халықтың менталитетіне сай, көп элементтерін азайтып, тез есте қалатындай жасауды ұсынып жатқандар да кездеседі. Бұл енді бір адам шешетін мәселе емес.
Елтаңбаны халық санасына жақындату талабы туындаған жағдайда әуелі осы рәміздің көзі тірі авторы Жандарбек Мәлібековпен сұхбаттасып, архитектор, сәулетшілердің пікірін біліп барып қадам жасаған дұрыс. Содан кейін мемлекеттік рәмізге қатысты өзгерісті көпшіліктің қалайтынын болмасақаламайтынын арнайы сауалнама жүргізіп барып білген жөн. Өйткені «Халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, халықтың пікірінен маңызды, көпшіліктің ұсыныс-тілегінен құнды ештеңе жоқ.
Есберген Алауханов,
заң ғылымының докторы, профессор
ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі