ДАМУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ | «Айқын» газеті

0

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы 5 қазандағы Жолдауын халық зор ықыласпен қабылдады. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаппай қолдауға ие болғанын айта келіп, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет екенін атап өтті.  Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында шығармашыл зиялы қауыммен жұмысын жандандыра түсті. Атап айтқанда, елдегі жетекші саяси партия қаламгерлерді ынталандыру үшін  бірнеше жобаға қаржылық және ақпараттық қолдау көрсетіп,  Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп жұмыс істей бастады. Партияның бұл игілікті бастамасы елдің рухани өміріндегі ең үлкен жаңалық ретінде қабылданып, қаламгер қауымның қызу қолдауына ие болды. 

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің деканы:
– «Нұр Отан» партиясының қыз­ме­ті мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимы­лының тиімділігін арттыруға зор үлес қосып ке­леді. Сондықтан партия Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арт­ты­­ру» атты Жолдауына қатыс­ты үн қатуы – ұлт­тық саясатты іске асыруға белсенді қатысуының көріні­сі.
Расында, Жолдауда отбасы мен жастар мәселесі, табыс табу деңгейі, жолдар мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, шағын бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы дамыту, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, ауылшаруашылығы мен экология сияқ­ты өзекті мәселелер қозғалғаны белгілі. Осының бәрі соңғы Жолдау қазақстан­дық­тар­дың өмір сүру сапасын арттырудың жаһандық стратегиясын білдіреді деп нық сенім­мен айтуға болады. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы тұрғын­дар­дың қолда бар мүмкіндікті пайдалануына жәрдем­десіп, елді дамудың жаңа деңге­йіне шығару үшін әртүрлі әлеуметтік топтарды шоғырландырып келе жатқаны мәлім.
Қазақстан Президентінің «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы қоғамның өзекті әлеу­мет­тік сауалдарына нақты жауап болды. Сондықтан «Нұр Отан» пар­тия­сының Жолдаудың міндеттерін толық қолдау және оларды іске асыру мен түсіндіруге белсенді қатысу, сон­дай-ақ барлық қазақстандық­тарды ұлт­тық әл-ауқатты мемлекет құрылы­сы­­ның мақсаттарына қол жеткізу үшін жұ­мылуға шақыруы ерекше маңызға ие.
Партия төрағасы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­ла­ры­­мен партия экономика және басқа салаларда іргелі шараларды жүзеге асыруға ұйытқы болды. Соның арқа­сын­­да елдің тұрмысы оңалып, бақуат­тылыққа қол жеткізді. Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолғы Жолдауында мезгіл тамы-рының бүлкілін дөп басып, жұрттың қызығушылығын тудырған, өңірдің ілгері басуына ықпал ететін мәселелерді көтеріпті. Қазақстанның экономикасы жоғарыға сатылай көтеріліп, ретімен дамып келеді. 2050 жылы бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосылу мақсаты – экономиканың жоспарға сай жүзеге асып жатқанының айғағы. Мұнда Елбасының экономиканың қыр-сырын терең білгендігі басты рөл ойнап отыр. Қазақстан енді эконо­ми­каны экстенсивті дамытудан интен­сив­ті дамытуға көшті. Таратып айт­қанда, бұрын­ғы­дай жаратылыс байлықтарын, шикізатты экспортқа шығаруға басымдық бермей, жаңа технологияларды пайдалануға, керекті өнімдерді елдің өзінде өнді­руге, сыртқа дайын заттарды шығаруға ден қойды. Жолдауда осы жағдайлар да айтылған. Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау­ға қаржы қарастыру тапсырыл­ған. Енді ауылшаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті жүктелген. Бұл ауыл­шаруа­шылығы өнімінің импортын 2,5 есе азайту деген­ді білдіреді. Жолдауда­ғы менің көкейіме қон­ған жайттардың бірі – «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының екін­ші тынысының ашылғаны. Біріншісі – көлік инфра­­құрылымын дамыту, екіншісі – коммуналды және тұрғын үй шаруашылығы құрылысын кеңейту. Бұл елге ең қажетті өзекті жұмыстар екені айтпаса да түсі­нікті.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары:
– «Нұр Отан» партиясы еліміздегі жетекші саяси күш саналады. Сондық­тан партия қызметінің қоғамдағы барлық саладан табылуы орынды. Партияның заң шығарушы органдар­дағы, атқарушы билік тармағындағы қызметімен ғана шектелмей, түрлі әлеуметтік жобалардың, рухани үдерістердің жанынан табылуы Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төра­ғасы Нұрсұлтан Назарбаев баста­ған партия жетекшілігі мен оның мил­лиондаған мүшесіне де қоғам тара­пынан оң көзқарас қалыптасты­ра­ды.
Жалпы, дамыған елдерде биліктегі партияға қарата оппоненттері тарапы­нан сын-ескертпе көп айтылады. Ал елімізде жетекші партия мемлекеттік билікпен бірге кез келген саладағы жобаларға бастамашы әрі шешуші тетігі болып жүргендіктен, бірыңғай сыңаржақ пікірлерден ада деуге болады. Айталық, партия фракция­сын­дағы депутаттар республикалық және жергілікті деңгейде әлеуметтік мәселелерге байланысты шешімдерді қабылдауға айтарлықтай ықпал етеді. Бұл әсіресе, инфрақұры­лым мәселе­леріне қатысты көбірек көрініс тауып келеді. Сондықтан бұл партия келбеті­не жағымды рең береді.
Соңғы кезде партия басшылығы қоғамның ықыласына ие болған бірқатар жобаны сәтті игеруде. Мәселен, мұның басында қоғамның әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұлғаларына жеткілікті деңгейде назар аудара бастауын, оны креативті жобалармен ұштастыра отырып, қоғам назарын бұра білуінен көре ала­мыз. Мәселен, «Кедергісіз келе­шек» деген жоба бар, сондай-ақ паралим­­пиа­дашыларға құрмет көрсету арқылы басқа да түрлі әлеуметтік деңгей­дегі топтар өкілдеріне мотива­ция, күш-жігер сыйлау сияқты бастамаларын ұтқыр деп айтуға болады.
Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев адам капиталын дамытуға зор мән беріп отыр. Осы орайда партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың өңірлерді жиі аралап, барған жерінде міндетті түрде кітапханаларға бас сұғуы және онда заманауи білім орта­лық­тарының, ІТ сыныптардың құры­луын, оған жастардың қатысуын қа­д­ағалауы қуантады. Өйткені заман – білімдікі. Осыған лайық білім сапасын игеруге партия басшылы­ғы­ның коуор­кингтер құру арқылы қол жеткізуге ұмтылуы ел дамуына пайдасын тигізеді деген ойға жетелейді.

Дайындаған А.МЫРЗАБЕК

Дереккөз: Айқын