Әзербайжандағы президент сайлауында Ильхам Алиев жеңіске жетті
Ильхам Алиев Әзербайжан президентін сайлауда халқының қолдауына ие болып, жеңіске жетті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі haqqin.az басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзбекстан мен Беларусь президенттері Шавкат Мирзиеев пен Александр Лукашенко әріптесін кеше Әзербайжан президентін мерзімінен тыс сайлауда жеңіске жеткенімен құттықтады.
Мирзиеев Әлиевті президенттік сайлаудағы жетістігімен құттықтап, оған қызметте табыс тіледі. Өзбекстан басшысы Ильхам Әлиевтің басшылығымен Әзербайжан жерлерін қайтару маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар Лукашенко да Әлиевті Мемлекет басшысын сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Әзербайжанның дамуы мен өркендеуі жолында қызметіне табыс тіледі.
Әлиев екі ел президентіне назар аударғаны және құттықтағаны үшін алғыс айтты. Мемлекет басшылары достық қарым-қатынас одан әрі нығая түсетініне сенім білдіріп, ынтымақтастық туралы пікір алмасты.
Кеше кешке АҚШ-тың Oracle Advisory Group ұйымы Әзербайжанда өткен кезектен тыс президент сайлауының exit-poll нәтижелерін жариялады.
Деректерге сәйкес, қазіргі мемлекет басшысы Ильхам Әлиев – 93,9%, Захид Оруж – 1,8%, Фазиль Мұстафа – 1,5%, Гудрат Гасангулиев – 1,2%, Рази Нұруллаев – 0,9%, Эльшад Мұсаев – 0,4% және Фуад Әлиев 0,3% дауыс жинады.
2003 жылдан бері билік басында отырған Ильхам Әлиевтің әзербайжандар арасында танымалдығы ел Таулы Қарабақты толық бақылауға алғаннан кейін артып кетті.
Билікте отырғанына 20 жыл болған Ильхам Әлиев Әзербайжанда өтетін сайлауда президенттікке кандидат ретінде ұсынылғанын жазған едік.