Зарқын Тайшыбай: Рәмізді білмеу – тәрбиенің кемдігі

0

«Мемлекеттік рәмізді білмеу деген – тәрбиенің кемдігі деген сөз. Басқа айтарым жоқ. Сауалнаманы телеарнадан көрдім. Жастар Елтаңбаны танымай жатыр, арасында үлкендер де жүр. Сауалнамаға Астана мен Алматы қалаларынан әр түрлі жастағы 500 адам қатысыпты. Солардың 70%-ы білмейді. Өз елінің елтаңбасын танымайды. Мұндай масқараны көргендеріңіз бар ма?!

Қарапайым жұртшылық арасында жүргізілген сауалнамадан ұққанымыз, халықтың көпшілігі Мемлекеттік Елтаңбаны ресми белгі деп қана қабылдайтындай. Елтаңба деген кітап бетіндегі сурет немесе кабинеттерде ілініп тұруы тиіс атрибут қана емес қой. Оның мәнін, мазмұнын елге қайта түсіндіру керек секілді. Ол мемлекетіміздің бас белгісі. Мемлекеттік құндылық. Рәмізді тану, Елтаңбадағы тарихи белгілердің мазмұнын тану – азаматтық қоғамның көрінісі.

Бала ес біліп, далаға шыққанда Туды көрсе, қуануы керек. Елтаңбаны көрсе, арқасы шымырлап, тұла бойын мақтаныш кернеуі қажет. Әнұран айтылса, кеудеңе қолыңды қойып, тебіріне шырқайсың. Ол өзіңнің Азат елің бар, жерің бар дегенді білдіреді. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның Елтаңбасы түсінікті, ұғымға сай. Тек оны дұрыс насихаттап, елге мемлекеттік сананы сіңіре білу қажет.

Әрине, бәрін білім ошақтарына сілтей салу оңай. «Мектепте үйретпейді» дегенше өзің үйрет! Бала сенікі, сауатты ұрпақ алдымен саған керек қой. Ата-анасы баласына ұқтырмаса, айтпаса бала қайдан білсін? Жас ұрпақ тәрбиені құлақпен алады, біз қазір осыны ұмыттық. Ақыл айтатын, жөні түзу сөз, есті әңгіме айтатын адам азайды. Әке баласын, ана қызын тәрбиелесін! Мемлекет азаматын құрметтеп, қамқор болсын.

Елтаңбадағы бейнелерден ұлтымыздың жүріп өткен жолын, таным-түсінігін ғана көріп қоймай, бүгінгі өмірдің, болашақтың да бет-бейнесін бағамдап,   көре алатындай болуымыз керек.  Қазақстанды танығысы келетін шетелдік азаматтарға да туристік белгілер сияқты көрініп тұруы тиіс.  Сондықтан, бұл мәселені тұтас ел болып назарға алып, ақылдасу қажет. Зиялы адамдар, ғалымдар пікірлерін айтсын. Ұсыныстары болса ортаға тастасын, «кеңесіп пішкен тон – келте болмайды» деген сөз бар.  Жұртшылықтың түгел пікірі қамтылса, ішінен тобықтай түйінін аламыз, ортақ шешімге келеміз.»