“КТК” телеарнасы кімдікі?

0

Жуырда Алматы қалалық соты «КТК» телеарнасының акцияларына қатысты даулы істі қарады. Бұл туралы  negeaqsha телеграм-каналы жазды.

Алматы қалалық соты «Коммерциялық телевизиялық арна» АҚ-ның апелляциялық шағымын қарады. «КТК» акцияларды сыйға тарту келісімшартын жарамсыз деп тануды сұраған. Мәселе экономикалық соттың шешеміне қатысты болып отыр. Сот телернаны экс-президент Н.Назарбаевтың әулетіне басыбүтін бере салған.

2012 жылдың 21 қарашасынан «КТК»-ның 1,0772% акциясы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға тиесілі болған. Ал қалған акциясы экс-президент Н.Назарбаевтың өзінің қорында (ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қоры) болды. Бұл қорды Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева басқарады.

«2014 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 1,0772% акциясын сатпақшы болады. Бір пайыздан сәл асатын акция үшін 611,2 млн теңге сұрады. Алайда «КТК» акционері болғысы келетін адам табыла қоймады. Дәл сол кезде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ телернаның 1 пайыз акциясын Назарбаевтың қорына қайтарымсыз бере салған. Қор бұған қуана-қуана келісе кеткен», – деп жазды Nege.Aqsha телеграм-каналы.

2015 жылы 29 желтоқсан күні «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «КТК» арасында сыйға тарту жөнінде келісімшарт жасалып, телеарнаның акциясын (1,0772%) Назарбаевтар әулетінің қорына тегін бере салған.

Сот бұл келісімшартты заңсыз деп таныды. Қаулы күшіне енді.

Естеріңізде болса, 2005 жылы «Хабар» агенттігі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын сотқа беріп, Алматы қаласының Медеу аудандық соты «Хабар» арнасының пайдасына (Дариға Назарбаеваның пайдасына деп түсініңіз – ред.) шешім шығарып, А.Сәрсенбайұлына моральдық шығын ретінде 1 млн теңге айыппұл кескен. Саясаткердің өзі бұған қатысты: «Алда президенттік сайлау болуы мүмкін. Бұл әрекет оппозиция лидерлеріне қарсы жасалып жатыр», – деген-ді.

Сол кездің өзінде-ақ А.Сәрсенбайұлы «Хабар», «Еуразия-Қазақстан» арналары және бірқатар радиолар Назарбаев әулетіне тиесілі медиахолдингке кіретінін, бұлардың барлығы мемлекет есебінен қаржы алатынын ашық айтқан.

Сот шешімінен кейін журналистерге сұхбат берген А.Сәрсенбайұлы былай деген: «Егер оппозиция лидерлерін қудалау, еркін БАҚ-қа қысым, шындықты айтатындарды қуғындау жалғаса беретін болса, әлеуметтік теңсіздік күшейіп, 10% байшыкеш байыған үстіне байып, қалған халық кедейлене берсе, революцияны экспорттаудың қажеті жоқ, ол мемлекеттің өз ішінде болады».

Алтекеңнің айтқаны келді: 2022 жылы биліктің өз ішіндегі кейбір топтар төңкеріс жасамақ болды, Назарбаевтардың иелігіндегі телеарналар біртіндеп мемлекетке қайтарыла бастады…

фото: коллаж Nege