«Кешірдім» деп жібере салуға болмайды – Біртанов медицина қызметкерлерін қорғап, заңды күшейтуге шақырды

0

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам жазалануы керек деп есептейді. Оның айтуынша, сенатқа еніп кеткен денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасына қызмет бабындағы медицина қызметкерлерін қорғайтын қосымша норма енгізу керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Экс-министр не дейді?

Астанада QazMed кәсіподағы жиналыс өткізіп, қылмыстық жауапкершілікті сақтай отырып, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыруды енгізу туралы заң жобасын талқылады. Кәсіподақ мүшелері заң жобасындағы қателік жасаған дәрігерлерді қатаң жазалау нормасына қарсы. Мәселен, Елжан Біртанов дәрігерлер жұмысында қателік болмай тұрмайтынын, күні ертең ақ халаттылардан негізсіз өтемақы талап ететіндер көбейіп кететінін айтады. Оның үстіне, Қазақстанда пациент денсаулығына нақты дәрігерлер зиян келтіргенін анықтап, дұрыс сараптайтын ұйымдар жоқтығына назар аудартады.

Қарағандыдағы оқиға жайлы 

Экс-министрден Қарағандыдағы оқиға жайлы жайлы сұрағанбыз. Еске сала кетейік, Қарағанды ​​тұрғыны жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан болатын. Төреғали есімді жүргізушіның мұрны, қабырығасы сынып, көзі көрмей қалған. Полицейлер төбелескен адамның кім екенін анықтаған. Ал кеше күдікті қолға түскен. Бір күннен кейін күдікті Нұрболат Дәкебаевтың бүкіл жұрттан, зардап шеккен Төреғалидан кешірім сұраған видеосы тараған болатын. Көп өтпей Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы күдікті Нұрболат Дәкебаевты кешіруге дайын екенін айтқан.

– Жұмыс бабындағы медицина қызметкеріне агрессия көрсеткен, ұрған жағдайдағы қылмыстық жауапкершілікті күшейту керек. Сонда әрине, менің ойымша, осындай жағдайлар азаяды. Кешегі болған жағдайлар тек бұзақылық. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болсын, мейірбике немесе дәрігер болса да, басқа пациенттерге көмек көрсетіп жүрген адам. Оны ұрып құлатқаннан кейін ол жағдай әрине, басқа азаматтарға әсер етеді. Сол себепті жауапкершілік жоғары болуы тиіс, – дейді ол.

“Кешірдім” деген болмау керек

Елжан Біртановтың айтуынша, қылмыстық кодекске арнайы статус бекітіп, “егер азаматтар жұмыс бабындағы медицина қызметкерлеріне қарсы қылмыс жасаса, жауапкершілігі үлкен болуы керек” деп жазу керек.

– Кешірім сұрап отыр. “Кешірдім” деген болмау керек. Бұл жалғыз жүргізушінің мәселесі емес. Жедел жәрдем көлігі тоқтап қалды. Ал қандай науқас болды. Оны біз қазір білмей отырмыз. Оны қазір білмейміз. Көлікті кім айдады? Мүмкін науқас өліп қалды. Сонда неге “мен кешірдім” деп кешіре салады. Жоқ, болмайды! – дейді Елжан Біртанов.