Қазақ тілін білмейтін Сәтқалиев қалай энергетика министрі болды – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жауап берді

0

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Мүксімов Салауат Сыйлыбайұлы министрлер қазақ тілін білу деңгейі сынды талаптар арқылы іріктелмейтінін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«А» корпусы, «В» корпусының қызметкерлері де мемлекеттік қызметке кірісу үшін қазақ тілін білу деңгейін тексеретін тест тапсыратынын білеміз. Сонда қазақ тілін білмейтін Алмасадам Сәтқалиев қалай энергетика министрі болып, ал Қанат Шарлапаев өнеркәсіп және құрылыс министрі болып отыр? Олар тестілеуден қалай өтті?» деп сұрады брифингке қатысқан журналистердің бірі.

«Осыған байланысты адамдар неге жаңылысатынын түсініп отырмын. Мемлекеттік қызметке үміткерлер тапсыратын тест, яғни іріктеу әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге арналған.

Ал саяси қызметкерлерді тағайындау тәртібі басқа. Олар тіл білу деңгейін тексеретін тест тапсырмайды және байқау негізінде іріктелмейді, тағайындалады»,- деп түсіндірді ол.

Төраға орынбасары бұл сұрақ өзінің құзіретіне кірмейтінін айтты. Десе де тіл білу туралы талап қою қалыпты жағдай екенін атап өтті.

«Мемлекеттік қызметкердің саласына қатысты қазақ тілін білу талап етілуі мүмкін. Бұл азаматтармен тығыз байланыста болатын қызметшілер үшін өте маңызды. Себебі азаматтарға сауалы келіп түскен тілде жауап беріледі», – деді ол.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы болып мемлекеттік тілді дамытуға арналған QAZAQ TILI қорына жарна аударған еді.