Асхат Аймағамбетов трансвеститтер клубына барғаны үшін жұмыстан шыққан мұғалімдерге жақтасты
Бұрынғы оқу-ағарту министрі, қазір мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Түркиядағы трансвеститтер клубына барып, жұмыстан шығып қалған қызылордалық мұғалімдерді жақтады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде ұстаздардың видеосы пайда болып, ол ата-аналар мен әріптестерінің наразылығын тудырған. Соңында екі мұғалім қызметінен кетті.
Аймағамбетов мұғалімдер де өз құқығы бар қарапайым азаматтар екенін, сондықтан алдымен жағдайды түсінген жөн екенін еске салды. Олардың да жеке өмірі мен құқығы бар дейді ол.
«Мұғалімдер де – бәріміз сияқты азамат. Олардың құқығын шектеуге болмайды. Сондықтан бұл жерде біз мұғалімдерге қойылатын талаптарды нақты ажыратуымыз керек екенін білесіздер. Әрине, жоғары талаптар өз алдына. Бірақ біз олар қарапайым азаматтар екенін түсінуіміз керек. Ал бұл жағдайда істі нақты түсініп, олардың бұл істе қандай кінәсі бар екенін білу керек», – деді Аймағамбетов.
Еске салсақ, Қызылордалық мұғалімдер Түркиядағы трансвеститтер клубында демалғаны үшін жұмыстан шығып қалғаны айтылды. Оқу-ағарту министрлігі оқиғаға түсініктеме беріп, олар жұмыстан өз еркімен шыққанын мәлімдеді.