30 жылда екі заң ғана қазақша жазылған – сенатор
Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп заңдардың мемлекеттік тілде жазылуы үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтып берді, деп хабарлайды Kznews.kz
«30 жылда екі ақ заң мемлекеттік тілде әзірленген. Ең ірісі – Әкім Ысқақ негіздеген «Көші-қон туралы заң» және Фариза Оңғарсынова атсалысқан балаларға байланысты ілеспе заң. Қалғандары орысша жасалады. Заңды бұрын Үкімет өзі жасайтын. Заң жобалары Әділет министрлігінде тұжырымдама жасалады, сосын Парламентке ұсынылады. Сол кезде барлық заңдардың мәтіндері орыс тілінде туып, қазақ тіліне аударылады. Бұл тәжірибе әлі де жалғасуда», — деді депутат Jibek joly телеарнасындағы Уәде» бағдарламасында.
Нұртөре Жүсіп бұл жерде үлкен мәселе аудармада екенін баса айтты.
«Сенат алғаш келіп, заңның қазақша мәтіндерін қарағанда өте өрескел қайшылықтарды көрдік. Тіпті Македониямен арадағы ратификация бойынша Сыртқы істер министрлігіне, Бас прокуратураға арнайы хат жолдап, ол нота Македонияға жолданып, бір айдан кейін мемлекеттік тілдегі мәтінді дұрыстап қайтарған жағдай болды. Парламент тарихында мұндай оқиға болмаған. Қазір әріптестермен ақылдаса келе, жобалық кеңсе құрдық, оған Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов мырза жетекшілік етеді. Қазір заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеу мәселесі туралы екі-үш отырыс өткіздік. Осыған байланысты депутаттар бастамасымен жаңа заң жобасын әзірлеу мүмкіндігі бар. Таяуда Үкіметтің оң қорытындысын алдық, Ғылым туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне қатысты заңды негізінен мемлекеттік тілде жасап, содан орыс тіліне аударып, Мәжіліс қарауына ұсынамыз», — деді Сенат депутаты.
Спикердің айтуынша, Сенат портфелінде басқа да заң жобалалары бар және 2024 жылы сол заңдар негізінен мемлекеттік тілде әзірленеді.
«Бәрі ойдағыдай болса Сенат бастамасымен келесі сессияға дейін 5-6 заң қабылданып қалуы мүмкін. Соған орай тәжірибелі, білікті аудармашылармен, Әділет министрлігінің мамандарымен, заңгерлерімен жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ тілін жақсы білетін мамандар бар, мемлекеттік тілде заң даярлаудың еш қиындығы жоқ», — дейді Нұртөре Жүсіп.