«15 қаңтар Алматыда жер сілкінісі болады» — сейсмологтар не дейді

0

Ел арасында жақын күндері Алматыда жойқын жер сілкінісі болатыны туралы хабар тарап кетті. Бұл ретте, сейсмология институты мен Алматы төтенше жағдайлар департаменті өкілдері халық арасында жаппай тарап жатқан ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жер сілкінісі күтілмейді

Сейсмологтардың болжамына сәйкес Алматыда 10 қаңтардан 17 қаңтарға дейін жойқын жер сілкінісі болмайды.

«Біздің ғылыми орталықта тұрақты түрде зерттеу жүргізіліп жатыр. Жер қыртысы туралы 200-ге жуық параметрді зерттеп, қорытынды жасаймыз. Болжау комиссиясының қорытындысына сәйкес қысқа мерзімді болжам бойынша 10 қаңтардан 17 қаңтарға дейін магнитудасы 5,5 балл болатын жойқын жер сілкінісі күтілмейді.

2024 жылға арналған орта мерзімді болжам қаңтардың соңында дайын болады. Біз мәліметтер базасы бойынша қорытынды береміз, біздің ведомствода он зертхана жұмыс істейді. 1998 жылдан бастап Алматы қаласы бойынша болжамдар расталды. Тұрғындардан дүрбелеңге салынбауын, сақтық шараларын білуін сұраймыз», — дейді ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.

Блогерлерге сенбеңіз…

Сейсмологтар айтылып жатқан мәлімдемелерде ғылыми негіз жоқ екенін жеткізді. Олар мұндай алып қашпа ақпаратқа сенбеуге шақырады.

«Былтыр да 2023 жылға арналған комиссия қорытындысын жасадық, соған сәйкес магнитудасы 5,5-тен асатын жойқын жер сілкінісі күтілмеді. Көріп отырғанымыздай, бұл болжам расталды. Қазір әлеуметтік желілерде 15 қаңтарда Алматыда жойқын жер сілкінісі болатыны туралы ақпарат тарап жатыр. Блогерлер бұл болжамды қалай жасағаны түсініксіз, өйткені оларда қандай да бір арнайы жабдық пен техника жоқ. Олардың мәлімдемелерін негізсіз деп санаймыз. Дүрбелеңге ешқандай себеп жоқ», — деді Нұрсәрсен Өзбеков.

Қанша балдық жер сілкінісі Алматыға қауіпті

«Бұл мәселеге қатысты сейсмологтар әзірлеген халықаралық шкала бар, MSC-64 шкаласы. Осы шкала бойынша ғимараттар мен құрылыстар 7 балдан бастап қирайды. Сондықтан жердің жағдайын ескергенде, Алматы үшін 7 балдан жоғары жер сілкінісі қауіпті деп санауға болады», — деді Н.Өзбеков.

Естеріңізге салсақ, былтыр желтоқсанда Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезінген еді.