«Кабинетінде отырып, қатты қорландым»: Дулат Исабеков Назарбаевтың сотқа бермек болғанын айтты
Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков экс-президентпен қарым-қатынасының қалай болғанын баяндап берді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Adal adam youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Нұрсұлтан Назарбаев жазушыны сотқа бермек болған.
Мен өмір бойы Назарбаевтың саясатына қарсы болдым. Мені сотқа беремін деген сонда да тілімді тартқан жоқпын. Жазушының принциптері болуы керек. Одан тайдың ба, жазушы емессің. “Казахстанская правда” газетіне “Ауыл уходит в небо» деген мемлекеттік жүйенің тас-талқанын шығарған мақалам шықты ғой. Ауылдың аянышты халін ашынып жаздым. Қойшы таяғын ұстап қалды. Механизатордың бәрін сатып жіберді. Механиктер қолына балға ұстап қалды. Тонады ғой бәрін. Бейне бір ертең осы елге ешнәрсе керек болмайтындай түгел сатып жіберді. Клубты, кинотеатрды, кітапхананы жойды, балабақшаны тоқтатты. Сол кезде мені Көшербаев шақырып алды. «Сені қазір Президент шақырады» деді. Кірдім, «отыр ана жерге» деді. Қорландым, қанша дегенімен, жазушымын ғой. Жазушы деген ұғымды қорлағандай көрінді. Сіз отырмай, отырмаймын дедім. «Мынау не?» деп бастады. «Біз мына мемлекетті тұрғызамыз деп әлек болсақ, сен тас-талқанын шығардың, дедім. Қатты ашуланып, сотқа беремін» деді. Беріңіз дедім. “Бірақ комиссияны аппараттан құрмайсыз” дедім. «Не деп сөйлеп отырсың, не деп көкіп отырсың» деді. Комиссия құрды, бірақ осы уақытқа дейін хабар жоқ қой”, – деді жазушы.