Прокуратура кішкентай қыздың өлімін өз бақылауына алды

0

Прокуратура 1-сынып оқушысы Інжу Жанкинаның өліміне қатысты тексеру, тергеу амалдарын өз бақылауына алды.  Aktobenews.kz-тің мәліметіне сәйкес, тексеру жұмыстарынан кейін іс сотқа жолдануы мүмкін, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Бейнематериал шыққан соң прокуратура тексеруге тапсырма берді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы комиссиясының, тәуелсіз комиссияның тексеруінен соң қорытынды материал прокуратура, сотқа жіберіледі. Оқиға прокуратураның бақылауында тұр. Жауапты адамдар жұмыстан шығарылады», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде видео тарады. Онда жедел жәрдемнің 40 минутта бірақ келгені айтылады.

♦ Жедел жәрдем 40 минутта келемін дегенше кішкентай қыз өлді

7 жастағы Інжудің анасы Динара Баймағамбетова  nur.kz-ке берген сұхбатында қыздың денесі 39,6-дан түспей қойғанын жеткізді.

«Сол күні таңда қызым сергек жүрді. 3 қараша демалыс күні болатын. Қызымның қызуы көтеріле бастады. Қызуы түстің кезінен бастап 39,6-дан түспей қойды. Мен оны өледі деп ойлаған жоқпын. Ол дәрігер келгенше жата тұрайын деп күліп жатты. Сол күліп жатып талып қалды», — дейді анасы.

Дина Баймағамбетова көп балалы ана. Оның осымен екінші қызы қайтыс болыпты.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға 3 қарашада «Нұр Ақтөбе» ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болған.

«Қамшы» сілтейді