«11 жыл бөлек тұрған ана мен баланы қосты»: Ерке Есмахан күйеуіне алғыс айтты

0

Декреттік демалысқа кеткен әнші Ерке Есмахан оқырмандарын толғандырған сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі жақында ұлын қырқынан шығарды.

“Исламды қырқынан шығарып, міндетімнен құтылдым. Енді жылы жаққа бір демалып келіп, жұмысқа кірісемін. Жаңалық күтіңіздер! Жоспарлар дайын тұр”, – деп қуантты әнші.

Сондай-ақ, өнер жұлдызы босанғаннан кейінгі жағдайын да жасырмады.

“Босанғаннан кейін 10 келі салмақ тастадым. Қазір қатты арықтап кеттім. Жүкті кезде еш жерім ауырмай, тұмаудан да аман өттім. 9 ай көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жаттығу жасап жүрген жоқпын. Бұрынғы Ерке Есмаханның дене бітіміне келе жатырмын. Балалы болғаннан кейін көп әйел күйзеліске түседі дегенді жиі естимін. Мені сол күйзеліс айналып өтті. Кішкентай бөпенің тәп-тәтті иісі аңқып жатқанда қайдағы күйзеліс?!. Сондықтан жас босанған аналар сенбеңіздер! Осы сәттен ләззат алыңыздар! Менде бәрі жақсы. Денсаулығым да бірқалыпты. Сол үшін тағы қыз туам деп отырмын”, – әзілдеді өнер иесі.

Сонымен қатар Еркенің бірінші некесінен туған ұлы Муслим мен күйеуі Райымның қарым-қатынасын сұраушылар да табылды. Ол Райымның қандай әке екенін де айтты.

“Райым бұрыннан мейірімді жан ғой. Қазір тіпті ғажап. Райымдай әке жоқ. Ислам бақытты бала осындай әкесі бар. Муслиммен де қарым-қатынасы керемет. Ұлым туғаннан анамның қасында болды. Тұрмысқа шыққан бойда Райым “Муслим бізбен тұрады” деді. Содан қолымызға алдық. Міне, бақытты жанұямыз. Бұрын мен қандай анамын деген ой жиі мазалайтын. Қазір қос ұлым жанымда. Райым 11 жыл бөлек тұрған ана мен баланы қосты”, – деп жауап берді оқырман сұрағына әнші.

Еске салайық, әнші жақында ұлына арнап той жасайтынын айтқан болатын.