Қос билік: кеттің бе, қайрылма! (Нұргелді Әбдіғани)

0

Аталған сұхбаттағы Қазақстандағы ескі һәм жаңа саяси басшылықтың арасындағы көлеңке астындағы «айтысқа» қатысты айтылған тұсы мынау болды:

Президент: «Қаңтар оқиғасының болуына бір себеп – қос билік жасауға талпыныс. Кеттің бе, қайрылма!», — деп айтты.

«Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.

Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайы­рыл­ма!» Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс», — деді.

Осылайша президент Тоқаев пен экс-президент Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесін басқару арқылы қосалқы басшылық лауазым атқаруға тырысқанын және дәл осы фактор билікте текетіреске алып келгенін ашық айтты.

Нұргелді Әбдіғани