«Көктемде бостандыққа шығуым мүмкін»: Мұрат Әбділдә түрмеде өмірі жайлы айтып берді
Әлеуметтік желі арқылы көпшілікке танылған әуесқой әнші Мұрат Әбділдә әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, таптық араздықты қоздырғаны үшін сотталған болатын. Жазасын өтеп жатқан өнер иесі сұхбат беріп, өзінің жасаған ісіне өкінетінін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі “Жедел сұхбат” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Миллион” командасымен қарым-қатынасым жақсы
Ол Шымкент қаласындағы 167/3 колониясында жазасын өтеп жатыр.
“Қазір маған психологтар көмектесіп жатыр. Ол кісілер өте жақсы жұмыс істейді екен. Бұл сынақтан кейін де өмір бар екенін түсіндіріп жатыр. 2022 жылдың 31 наурызында сотталып кеттім. Содан бері жазамды өтеп жатырмын. Абақтыдан әлі шыққан жоқпын. Сабырлы болуды үйрендім. Түрмеге түскен күні өмірден баз кешкен кездерім болды. Уақыт өте келе сынақ екенін түсіндім. Мен жайлы неше түрлі хейт кетіп жатыр екен. “Миллион” командасына байланысты да неше түрлі қауесет шығып жатыр. Ол командадағы Мақсат пен Ерболат – менің інілерім. Олар менен қол үзген емес. Бауырларым бір жыл бұрын түрмеге мені іздеп келді. Қазір отбасы болып араласамыз. Анаммен хабарласып, қолдан келгенше көмектерін беріп тұрады. Қалған әңгіменің бәрі жалған,” – дейді абақтыдағы әнші.
“Мұрат – үйдің жалғыз асыраушысы”
Сондай-ақ өнер иесінің анасы да баласын күн санап күтіп жүргенін айтты. Бағдарлама ұжымының түсірілім тобы Мұрат Әбділдәнің туған жері Түркістан облысы, Бостандық ауданына барды.
“Мұрат бала күнінен өнерге жақын болды. Бала болып, машина ойнаған емес. тек музыкалық аспаптарды ұстап отыратын. Ән дәптері көп болатын. Соған өлеңдер жазып, жаттап жүретін.
2000 жылы қатты науқастанып қалдым. Қазір 3-топтағы мүгедектігі бар тұлғамын. Мұрат – үйдің жалғыз асыраушысы. Өзінің айтқан сөзінен айыпты болып, жазасын өтеп жатыр. Менің заңға қарсылығым жоқ. Әркім өзінің істегенін мойнымен көтерсін. Жоғары сотқа айтарым, тек балам аман-есен оралса екен. Мерзімінен бұрын босатуға көмектессе екен деймін. Денсаулығым сыр беріп, ауырып қалуым жиілеп жүр. Үйге аман-есен оралса, Құран оқытамын. Немере сүйіп, әже болғым келеді”, – дейді әншінің анасы Фарида Жәнәділова.
“Шәкірт тәрбиелеп, продюсерлікпен айналысқым келеді”
Абақтыда отырып ән жазудан қол үзбеген өнер иесі алдағы жоспарларын да жасырмады.
“Бостандықта жүргенде қыдырыстан қолым босамады. Әлеуметтік желі арқылы танымал болғасын түрлі отырыстарға шақырту түсетін. Қазір абақтыда болғасын еш жерге шыға алмаймын. Бар ермегім – ән жазу. Тап-таза мимен түрлі әндерді қағазға түсіріп жатырмын. Осы күнге дейін 70-ке жуық ән жаздым. Өзім ғана орындаймын деп айтпай-ақ қояйын. Артымнан ерген іні-қарындастарыма да беремін. Жалпы, болашақта продюсерлікпен айналысқым келеді. Келісімшарт жасасамын, бірақ “күйеуге шығуға болмайды”, “үйленуге болмайды” деген шарт қоймаймын. Тек халыққа әндерін әдемі жеткізсе болды”, – дейді өнер иесі.
“Жоғарғы Сот арызымды қанағаттандырмай жатыр”
Мұрат Әбділдәнің айтуынша, қыркүйек айында шығады деген қауесеттің шыққаны тегін емес көрінеді. Ол кезде айыпталушы жазасының үштен бірін өтеген көрінеді.
“2023 жылдың күзінде халық мені түрмеден шығады деп күтті. Осы күнге дейін жазамның үштен бірін өтеп тастадым. Тәртібім де жақсы, іште ұйымдастырылатын іс-шарадан қалмаймын.4-5 мақтау қағазын алғанмын. Соны пайдаланып, Жоғарғы Сотқа өтініш жаздым, бірақ арызымды қанағаттандырмады. Өзімнің іс-әрекетіме өкінемін. Енді қайталамаймын деп уәдемді де беремін. Көктем айында тағы бір сот болады. Сол кезде де менің мекемедегі ішкі тәртібімді де есепке алып, мерзімінен бұрын босатуды сұраймын. Үш қорғаушым болса да, олардың нақты жұмыс істегенінен хабарсызбын. Сот отырысына да келмеді. Шағым сотқа ғана келді деп естідім. Ол менің қатысуымсыз өтті. Адам сыртынан ғайбаттамай-ақ қояйын”, – деп әңгімесін аяқтады.