Шампансыз құттықтаулар. Қай президент қандай тілек айтты?

0

Жаңа жылдық құттықтауларында президенттер елінің бағыт-бағдарын тағы да пысықтады. Көбі кабинетте отырып, құттықтағанымен, әдеттен тыс жағдайда тілегін жеткізгендер де болды.

Президенттердің әр қадамы саясаттан тұрады. Сондықтан олардың жаңа жылдық құттықтауларының өзі сол елдің алдағы ойын жүрістерінен хабар бергендей.

АСТАНА МЕН БЕЙЖІҢНІҢ ФОНЫ ҰҚСАС БОЛДЫ

Қазақстандықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында не айтылғанын емес, оның қалай көпшілік алдына шыққанын талдап кетті. Әлеуметтік желі қолданушыларының көбі президенттің қолына шампан ұстамағанын, экранда шыршаның көрінбегеніне мән беріп, оны ерекшелік ретінде бағалап жатты. Алайда басқа елдердің де президенті осындай сипатта көрінгені еленбеді. Мәселен, Қытай басшысы ешқандай арнайы декорация, көркемдеусіз қызмет үстелінің басында, мемлекеттік тудың қасында отырып құттықтады. Шырша, шампан болған жоқ. Тіпті Путин мен Лукашенконың қолында да шампан болмады.

Қазақстан басшысы екі тілде орысша, қазақшаны кезек араластырып құттықтап, ағымда атқарылып жатқан және жаңа жылдан бастап қолға алынатын әлеуметтік мәселелерге басымдық берді. Президент құттықтауы кезінде фондағы кітапхана сөрелерінен қазақ халқының ойшылдары мен ақындарының кітабы байқалды.

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтауы ел дамуындағы концепциялық прагматикалық мәселелерге құрылды. Ол елдің ғылыми, техникалық ірі жаңалықтарын айта келіп, Қытайдың ұлы ел, ұлы өркениет екенін еске салды. Төраға 2023 жылы үшінші мәрте өткен Қытай – Орталық Азия жиынын да атап өтіп, көршілеріне басымдық беретінін көрсетті.

Си Цзиньпин биыл «жаңа Қытайға» 75 жыл толатынын айтып, Тайвань мәселесіне тоқталып, «отанды біріктіретін ұлттық жаңғыруға» шақырды.

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтауы ел дамуындағы концепциялық прагматикалық мәселелерге құрылды. Ол елдің ғылыми, техникалық ірі жаңалықтарын айта келіп, Қытайдың ұлы ел, ұлы өркениет екенін еске салды. Төраға 2023 жылы үшінші мәрте өткен Қытай – Орталық Азия жиынын да атап өтіп, көршілеріне басымдық беретінін көрсетті.

Қазақстан президенті мен Қытай басшысының құттықтау кезіндегі фоны ұқсас болды. Шырша көрінбеді, есесіне мемлекеттік ту, кітап сөрелері, ел серкелері мен ойшылдарының туындылары байқалды.

ӨЗБЕКСТАН МЕН РЕСЕЙ БАСШЫЛАРЫН НЕ БІРІКТІРЕДІ?

Көрші Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев бұл жолғы құттықтауын путиндік рухта жеткізді. Оның өз резиденциясы Көксарайдың ауласын аралап келіп құттықтауы Путиннің бұрынғы жылдары Кремль қамалын жүріп өтетінін еске салды. Және Мирзиеев сөзінде державалық астар байқалғандай болды. Ол ел дамуындағы саяси және қорғаныс, қауіпсіздік мәселелеріне баса мән берді. Ол да екі тілде құттықтады. Бұл Мирзиеев былтыр тек орыс тілінде құттықтағаннан кейін сыннан шығарған қортындысы болар, бәлкім.

Өзбекстан президенті де шампан ұстамады. Алайда оның да фоны Путин фонымен ұқсас шықты. Резиденция маңайындағы көше, көше шамдары, көшедегі мерекелік безендірілген шыршалар.

Президент Тоқаев пен «юртбашы» Мирзиеевтің құттықтауында концепциялық жағынан ұқсас мына бір жай байқалды. Ел ішіндегі жиындарда Өзбекстанның «үшінші ренесансы» жайында жиі айтатын Мирзиеев мырза бұл жолы оны ауызға алмады. Бірақ өзі билікке келгеннен бері тынбай айтып жүрген «Жаңа Өзбекстан» тұжырымдамасын атап өтті. Ал Қазақстан басшысы бұл жолы «Жаңа Қазақстанды» айтпағанымен, «ұлттың қайта өрлеуі» деп қазақша айтып өтті. Бұл сөз орыс тіліне жалпылама ғана аударылғаны байқалды.

Путин құттықтауын ұзаққа созбай қысқа қайырды. Ол негізінен Ресейдің Украинадағы соғысы жайына тоқталды. Құттықтауын  «отан тағдыры» тақырыбына ұйыстырды. Бірақ отанның жеңісі туралы ештеңе айтпады. Пафос та азайғандай. Бұл, бәлкім Кремльдің Украина саясатының шатқаяқтай бастағанын көрсететін шығар, бәлкім…

ЖАПАРОВ САЗҒА ОТЫРҒЫЗҒАНДАРДЫ ҚАРҒА ОТЫРҒЫЗА МА?

Қырғызстан президенті Садыр Жапаовтың  мекені де, құттықтау лепесі де басқашалау болды. Әдеттегі саясаткерлер концепциясына ұқсамады. Ол Сарыөзен шудың бауырындағы Орловка шаңғы базасында бұрқыратып шаңғы теуіп келіп, құттықтап, әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Ол былтырғы құттықтауы шекарада даулы болған Баткеннен жолдағанын, содан бері шекара мәселесі реттелгенін айтты. Биыл шаңғы базасынан сөйлеген ол «дені сау ұлты – ден сау ел» дегенге меңзеді. Президент Жапаров негізінен экономика, инвестиция жайын мән берді.

«30 жылдан бері саясат деп жүріп, мемлекетімізді сазға батырыппыз»,- деді ол.

Арасында Бішкектегі көше тығыны реттелетінін айтқан ол 2024 жылы Қырғызстан – Өзбекстан – Қытай темір жолы құрлысы басталатынынан хабардар етті. Ол айтқан жайдың бірі Қамбар ата-1 ГЭС-іне де қатысты болды. Тұрып қалған ГЭС құрылысы Қазақстан және Өзбекстанның қатысуымен биыл қайта басталмақ екен. Бұл – аймақ елдерінің араласуымен жүзеге аспақ жобалардың бірі.

РАХМОН ШИЫРЛАҒАН ЕСКІ ЖЫР

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның құттықтауы алдымен 31 желтоқсан күні ресми сайттарға мәтін түрінде жарияланды. Онда ол Тәжікстанда ағымда  атқарылып жатқан шаралар мен саясатын тәуелсіздіктің 35 жылдығымен ұштастыратынын айтты.

Тәжікстан тәуелсіздігіне 2026 жылы 35 жыл толады. Алайда Тәжікстан 1991 жылы тәуелсіздік ала сала, азаматтық соғыс фазасына өткен. Бірақ 1997 жылы соғыстың тоқтауы қоғамда Рахмонның жеңісі мен жетістігі ретінде аталады. Ол 2024 жылғы құттықтауында тәуелсіздікті нығайту туралы айтты. Ол бірнеше күн бұрын ғана халыққа арнаған жолдауын жариялаған болатын.

ӘКЕСІНЕН КЕЙІН БАЛАСЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Ал аймақтағы ең жас басшыға ие Түркіменстанның 44 жастағы президенті Сердар Бердімұхаммедов құттықтауында өз әкесін «қаһарман Арқадағ» (демеушу батыр) деп атап елдің қазіргі дамуын оның есімімен байланыстырды. Мақтымқұлының туғанына 300 толуына орай 2024 жылды ол Мақтымқұлы жылы деп жариялады.

Жаңа жылдан бірнеше күн бұрын оның әкесі, Түркіменстанның Халық мәслихатының басшысы, ұлт көшбасшысы Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовтің ресми ресурстарда жаңа жылмен құттықтауы тарады. Онда ол жастар мәселесіне тоқтиалып, алдағы жұмыстан гөрі бұрынғы аталған имидждік бірер шараны атап өтті.

Ол сөз соңында өз ұлы, ел президентін атап «Сердар Арқадағлының арқасында Түркіменстан жастары отанымыздың беделін арттырады деп сенемін» деп барып тоқтады.

Үлкен Бердімұхаммедов кіші Бердімұхамедов айтатын сөз де қалдырмаған сияқты.

Бұдан алдын осы елде жаңа жылды тойлау мұсылмандыққа сай емес деген пікірлер айтылып, бұл мерекеге аса құлшыныс байқалмаған. Сірә, осы елдегі дін адамдары исі мұсылманның туған күні жаңа жылдан басталатын Иса пайғамдарды да мойындайтынын ескермесе керек.

Беларусь басшысы, батыста «Еуропаның соңғы диктаторы» аталатын Александр Лукашенко арнайы ролик арқылы құттықтады. Сол роликте елдің жетістігі жайында көріністер көрсетіліп соңында барып «импортқа тәуелді емес» елдің президенді Лукашенко лебізін білдірді. Ол биылғы жылды сапа жылы деп жариялады.

Осы аталған ел басшыларының дені — аймақта ұзақ билікте отырғандар. Ұзақ отырып үлгермеген Түркіменстанның өзінде билік әкеден балаға өткен.