Сәтбаевта украин әскеріне қарсы соғысқан қазақстандық 6 жылға сотталды
Сәтбаев қаласының соты Украина әскеріне қарсы соғысқан қазақстандықты 6 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Kznewws.kz тілшісі press.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеушілердің мәліметінше, Леонид Г. 2014-2015 жылдары Украина әскеріне қарсы Донбасс жасақтарының құрамында қарулы қақтығысқа қатысқан.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, ер адам 1998 жылы Қазақстаннан Белоруське көшіп, Гомель облысына қоныстанған. 2014 жылы Украинаға барып, Донбасс жасақтарының қатарына қосылған. Ол шетелдік диверсиялық-барлау тобында снайпер қызметін атқарған.
БАҚ қазақстандықтың шайқаста басынан контузия алған соң Беларуське оралғанын жазады.
«Бұл жерде ол құқық қорғау органдарының назарын аударды. Тінту жұмыстарының нәтижесінде үйінен әртүрлі калибрлі патрондар мен жарылғыш заттар табылды. Оқ-дәрілерді заңсыз сатып алғаны және алып жүргені үшін сотталған Леонид Г. жазасын өтегеннен кейін өз еліне жер аударылды»,—делінген хабарламада.
Қазақстанда да ол шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ер адам өз кінәсін мойындамаған. Алайда куәгерлер айыпталушының әскери ерліктерімен мақтанғанын растап, тіпті оның Украинаға тағы да жалдамалы ретінде әскери қақтығыстарға қатысуға баратынын айтқан.
Еске салайық, бұған дейін «Вагнер» құрамында соғысқан қазақстандық Алексей Шомполов алты жыл сегіз айға сотталған еді.