«Жүргізуші әйел де кінәлі»: Алматыдағы автобус апатында қаза тапқан ер адамның туыстары жан айқайын жеткізді
Алматыдағы автобус апатында қаза тапқан Айдос Әлменбаевтың жақындары кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жалғыз асыраушысынан айырылған отбасына ешкім қол ұшын созбаған. Көмек түгілі, автобус паркінен бірде-бір адам көңілін сұрап келмепті. Үш баласымен жалғыз қалған ана әділдік іздейді.
Марқұм Айдос отбасының жалғыз асыраушысы болған. Микроавтобус айдап, күнделікті нәпақасын тауып жүріпті. Апат болған күні Райымбек даңғылының бойындағы аялдамаға тоқтап бой жазбақ болады. Көліктен түсе бергенінде қоғамдық көлік қағып өтеді.
“Егер баламның автобусы тұрмағанда, аялдаманың ішіне кіргенде, білмеймін, қанша адам қырылып, жаяу жүргінші жолдың ішіне кіріп кететін еді. Сол баламның спринтері қанша өмірді сақтап қалды. Көзі шығып кеткен. Жарты басы жоқ. Қолы сынған. Денесінің сау жері жоқ. Машинасын жасап шыққанына екі-ақ күн болған”, – дейді марқұмның әкесі Қыдырғали Әлменбаев.
Қайғыдан қан жұтқан отбасына марқұмның денесін тану оңайға соқпаған. Қатты соққыдан басының сау-тамтығы қалмапты.
“Сараптама басы жарылған деді. Білмеймін, айта алмаймын, анау адамның маған түрі таныс емес. Қолын ашып берді, аяғын ашып көрсетті. Сол екеніне көзім жетті. Әлі де сенбейміз, шын айтқанда. Ипотекамызды да төлеп отырған. Бағып-қағып отырған. Екеуі де кінәлі болып отыр. Мен айта алмаймын, бір адам кінәлі деп”, – деді марқұмның жары Айнұр Құсайынова.
Айдостың артында шырылдап үш қызы қалды. Екеуі кәмелет жасқа толмаған. Ең үлкені – 19, екіншісі – 12, үшіншісі небәрі төрт жаста. Әсіресе кішкентайы жатса да, тұрса да әкесін іздейді. Қара жамылған отбасы апатқа автобус жүргізушісінің тікелей қатысы барын айтады. Жүргізуші әйелдің де жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
“Ол әйел тірі. Аллаға шүкір, ауруханада, тірі. Ал мұнда менің бауырымның үш қызы қалды. Әйелі өзі пәтерде отыр. Ипотекаға алды. Тапсырыс аламыз. ЖК бар. Сол туралы бала-шағасының нәпақасын тауып, киімін, тамағын осы жігіт тауып беріп отырған. Атан-анасын да осы жігіт асырады”, – дейді марқұмның досы Ыбырай Көшербаев.
Марқұмның туыстары тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр. Автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді.
фото: әлеуметтік желіден