«Сөз салғанын үш жыл күттім»: Дина Төлепберген алғаш рет күйеуі жайлы айтты

0

Қазақстандық танымал тележүргізуші Дина Төлепберген алғаш рет күйеуі жайлы ақтарыла сұхбат беріп, онымен қарым-қатынасы қалай өрбігенін айтып берді, деп жазады Kznews.kz тілшісі.

Дина Төлепберген «TalkLike» бағдарламасында күйеуі жайлы жан сырын ақтарды. Тележүргізушінің сөзінше, оның тұрмысқа шыққанына биыл 13 жыл болады. Жолдасының есімі — Марат. Ерлі-зайыптының таныстығы Астана қаласында бастау алып, Алматыда отбасылық өмірге ұласқан. Ақпарат өкілі жолдасының өзіне сөз салғанын үш жыл күткенін айтты. Ол тіпті сүйіктісіне өзі барып, «сіздің жарыңыз болуға дайынмын» деген екен.

«Бізде үлкен, алып махаббат болды. Құдайға шүкір, биыл тұрмысқа шыққанынма 13 жыл болады екен. Қыз бен жігіт ретінде үш жыл жүрдік. 28 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым Маратпен Астанада бір-ақ рет көрістім. Сол уақытта жұмыс бабымен Алматыға қоныс аудардым. Одан кейін өмір заңдылығы шығар, күйеуімнің де жұмысы Алматыға ауысты. Осы қалада бас қосып, ерлі-зайыпты өмірімізді бастадық. Алматыға келіп тұрғанда арнаның маған жалдап берген пәтері жақпады. Сосын басқа жерге көшу керек болды. Сол кезде жолдасыма қоңырау шалып, маған пәтер табуға көмектесуін сұрадым», — деді Дина Төлепберген. Тележүргізуші жолдасының бойындағы өзі аса қатты құрметтейтін қасиетіп атап, оның өзіне қалай сөз салғанын айтып берді.

«Ол маған бірден талап қойды. «Біздің отбасыда бір ғана жұлдыз болады. Ол — сен. Мен сені атақ-абыройың үшін жақсы көргенім жоқ. Мен осының бәрін пайдаланғым келмейді. Ол маған керек емес» деді. Осы сөздер үшін оны қатты құрметтеймін. Мен оны күттім. Үшінші жыл болғанда қасына келіп, «сіз маған сөз саласыз ба?» дедім. Мен сіздің жарыңыз болуға дайынмын» дедім. «Неге ертерек айтпадың?» деді. Сөйтсек, ол мені күтіп жүрген екен. Республика сарайының алдында тұрып, жары болуға келісімімді бердім. Менің туған күнімде сөз салады деп күткенмін.. Бірақ болмай қалды. Өз туған күнімде ашуланып қалғаным бар. Алайда араға екі ай салып, сөз салды. Біз бірге бассейнге баратынбыз. Бір күні спорт залға кірмейді. «Күнде кіреміз, бүгінше демалайық» деп. Мен тыңдамай кіріп кеттім, ол сыртта күтіп тұрды. Шықсам «маған тұрмысқа шығасың ба?» дейді. Бассейннен шығып тұрған бетім, шашым мен үстім су болып қалған. Сол жерде келісімімді бердім», – деп жастық шақты еске алды Дина.