«Үкім шығаратын сот пе еді?»: «Көреміз» бағдарламасын «шоу» деп айыптаған заңгерге жүргізушісі жауап берді
Белгілі заңгер, ”Алаяқ.нет” жобасының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков “Көреміз” бағдарламасына шүйлікті.Ол қоғамдағы өзекті тақырыпты қозғап жүрген бағдарламаға “Ақиқат емес, рейтинг үшін жасалатын дүние” деп баға берді. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қаласынан заңгерді бағдарлама ұжымы арнайы жол шығынын төлеп шақыртқан.
“Алаңдап жатқан ағайынға рахмет! Мені “шоуменге” теңеп жатқан ағайынға айтарым, “Көреміз” секілді біраз бағдарламаны тыңдаған адаммын. Мәселе шоумендікте емес. Ағайын! Ақиқат ащы болса да айту керек. Заңды түрде қолдарында жәбірленуші деген қағазы бар байғұс әйелдерді алдап-сулап мәселеңізді айтамыз, көмектесеміз деп шақырып алып, экспертімен бірге жүргізушісіне дейін “сендер алдыңдар, сендер кінәлісіңдер” деп көпке жағу үшін эфирде жаралы киікке шүйліккен құзғындардай жан-жақтан жегенін көріп, шыдай алмай кеттім”, – деп ақталды заңгер.
Айтуынша, студьяға келген сарапшылардың бірі де Айс пен Бану ісінен хабарсыз болып шыққан.
“Кінәсіздік презумпциясы” деген қайда?! Келген қонағына үкім беретіндей Руслан өзін сот деп біле ме?! Одан бөлек Айс, Бану ісінен еш хабары жоқ “қоғам белсенділерін” шақырып алған. Ол жерде құзырлы орган өкілдері мен бас прократураның адамдары отыруы керек. Сарапшылар миллиард соманы естігенде көздері бақырайып, не айтарларын білмей отырды. Эфир аяқталуына 5 минут қалғанда менің шығып сөйлеуім керек екен, ұйымдастырушыларға “Бұл істі мен зерттеп жүрмін. Жәбірленушілерге бағыт-бағдар беріп айтайын десем, “сценарий бойынша соңынан шығасыз” деп студияға жібермеді. 5 минутта не айтып үлгересің?! Қалай күймейсің?! Ол – ол ма? Эфирде қоқан-лоқы көрсетіп, маған күш көрсеткілері келді. Қысқасы, әр келген адамға өз позициясын беріп қойғаны айдан анық. Шоу емей, немене?!” – деп жазды ол желідегі парақшасына.
Заңгердің бейнежазбасынан кейін іле-шала бағдарлама жүргізушісі Руслан Өтепбай да жауап берді.
“Біздің атымызды пайдаланып, “хайп” жинаушы өте көп! 30 секундтық видео 30 рулы елге тарап жатқан соң, видеомен жауап беруді дұрыс көрдік!
Ағайын, арандатушыларға алданбайық! Біз сөзбен емес, іспен дәлелдейтін бағдарламамыз! Ал қолдау білдіріп, асығыс һәм қате шешім шығармаған көрерменге мың рахмет! Ал енді оқиғағаның қалай болғанын айтып берейін. Айс пен Бануға алдандық деген қыз-келіншек көп. Солардың құқығын қорғап жүрген заңгер Нұрсұлтан есімді азаматты студияға шақырдық. Алайда ол ашуға булығып, қонақтармен дауласып, студиядан шығып кетті. Одан кейін видео салғанын өздеріңіз де көрдіңіздер! “Адвокатты студияға кіргізбей, “Көреміз” ұжымы Бану мен Айс деген саудагерлерді қолдады деген түсініктен ада болыңыздар!” – деп жеке парақшасында видео үндеу жолдады бағдарлама жүргізушісі.
фото: stan.kz