Жас мамандар өз жобасын жасақтады

0

Ақтауда жүз жас маман жоба жасақтады. Енді қараша айының соңына дейін жобасын мектепте орындауды жоспарлап отыр.

Алдымен мұғалімдер жоба жасақтау және оның орындалуын басқару бойынша ментор, тренер, коуч Фатима Салқынбаеваның «Жобалық басқару» атты оқытуынан өтті. Оқыту барысында жоба, оның түрлері мен негіздері, жоба жазуда ескерілетін ережелер мен бағыт таңдаудағы өзектілігі айтылды. Соның нәтижесінде жас мамандар 5 топқа бөлініп, өзінің жобасын жасақтады. Сондай-ақ жоба мектеп ішінде іске асыруға шешім қабылдап отыр.

Оқытуға қатысқан жас маманның бірі — «Шахта» мектебінен келген химия пәнінің мұғалімі Ақмарал Әлібекқызы. Ол «Жас зерттеушілер» атты жобаның қаңқасын қалап, мақсаты мен міндетін айқындап қойған.

— Менің ойымша, «Жас басқарушылар» мектебі жақсы ойластырылған. Мұғалімдер тек сабақ беріп қана жүрмей, түрлі жобаны қолға алуы керек. Бұл ретте, біз, тренер Фатима Салқынбаевадан жобалық басқару бойынша білім алып, тәжірибемізде қолданбақпыз. Біздің топтың ұсынған жобасы — «Жас зерттеушілер». Біздің мақсат — мемлекет тарапынан ғылымды дамытуға беріліп жатқан мүмкіндік пен қаржыны тиімді пайдалану. Ал ол үшін оқушылардың ғылыми жұмыспен айналысуына жәрдемдесіп, қызығушылығын арттыру қажет. Бүгінгі мұғалімдердің жобасы балалардың ғылымға сүйіспеншілігін оятады деген ойдамын, — дейді жас маман Ақмарал Әлібекқызы.

Айта кетейік, бұған дейін жас мамандар «Көшбасшы имиджі», «Грант. Конкурс. Жоба» және «Қаржылық менеджмент» бойынша білім алды.