Баспана кезегіне тұратындарға қойылатын талап өзгереді

0
Жаңа модель барлық мұқтаж азаматты әділ түрде баспанамен қамтуға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.

Қазақстанда баспана алу үшін кезекке тұратындарға арналған талаптар өзгереді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, – деп хабарлайды Kznews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Баспана кезегінде тұрғандарға тұрғын үй есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты берілетін болады.

Заң жобасы аясында «Отбасы банкі» акционерлік қоғамы ұлттық даму институты болып қайта құрылады. Оған азаматтарды есепке қою мен тұрғын үй бөлу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функциялары беріледі.

«Отбасы банкіне» аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару ескерілген. Сәйкесінше, «Отбасы банк» банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асырады», – деді Қ. Шарлапаев.

Министрдің айтуынша, Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық база болады. Осы орталықты құру «бір терезе» қағидатын пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл қағидат тұрғын үйге мұқтажын растау, кезекке тұру, одан кейін ипотека алу үшін банкке бару сияқты бірнеше инстанцияға жүгінудің қажетін жоймақ.

Сонымен қатар, ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес, тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады.

Осылайша, тұрғын үйді есепке тұрған күніне байланысты бөлу барлық мұқтаж азаматтарды әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, табыс деңгейіне байланысты азаматтардың жалдау ақысын субсидиялау, жалға берілетін тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотекалық қарыздар (жылдық мөлшерлеменің 2-5% мөлшерінде) түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Бұған қоса, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптардың бірі олардың меншігінде баспана болмауы керек. Қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген», – деді Қ. Шарлапев.

фото: ашықдереккөз