АҚШ-тың Ауғанстан бойынша өкілі БАӘ-де «пайдалы» келіссөз өткізді

0

АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзад осы аптада Бірікке Араб Әмірліктерінде (БАӘ) «Талибан» қозғалысы мен Кабул арасында тікелей келіссөз бастауға қатысты «пайдалы» кездесулер өткізгенін мәлімдеді.

Халилзад БАӘ астанасы Абу-Дабиде АҚШ-тың ара ағайындығымен өткен үш күндік келіссөзден нақты нәтиже болмағанымен, кездесуді Ауғанстан үкіметі мен «Талибан» арасында тікелей келіссөз бастаудағы маңызды қадам деп бағалайды.

Залмай Халилзад Twitter-дегі парақшасында «БАӘ-де ауғандық және халықаралық серіктестермен Ауғанстандағы қақтығысты тоқтату мақсатында Ауғанстанның өз ішіндегі топтардың диалогына ықпал етуге қатысты пайдалы келіссөз өткіздім» деп жазды. Ол 19 желтоқсанда Кабулға барар жолда Исламабадқа соғып, Пәкістан армиясының басшысымен кездесті.

АҚШ-тың Ауғанстандағы елшілігінің мәлімдемесінде Халилзадтың Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен премьер-министр Абдулла Абдуллаға «аймақтағы серіктестермен және Ауғанстандағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтатуға мүдделі тараптармен» кездесуі қалай өткені туралы баяндайтыны айтылған.

Дереккөз: Азаттық