Бюджет қаржысына қымбат шетелдік көлік мінетін шенеуніктерді заңға тарту керек
Бізге көлік өндірісін дамытуға қатысты жаңа инновациялық қадамдарға бару керек. «Қазақстан-менеджмент-маркетингтік» зерттеу орталығының сарапшы маманы Бауыржан Ақаевтың айтуынша, шетелден көнерген техникаларды таси беріп, ескі техникалардың мұражайына айналуға шақ қалдық.
Деректерге жүгінсек, қазір елімізде 3 млн 851,6 мың жеңіл көлік бар. Өкініштісі, оның 12%-ы ғана жаңа. Отандық зауыттардан былтырғы және биылғы жылы құны 103,8 млрд теңгені құрайтын 16 мың 139 жеңіл автокөлік шығарылған. Сарапшы-маман Бауыржан Ақаев бұл көрсеткіштің аз екенін, елде ескі және моральдық тұрғыдан тозған көліктердің тым көп екенін алға тартты.
«Еуропамен салыстырсақ, онда автомобильдердің орташа жасы сегіз жылдан аспайды. Олардың халқы он жылдан асқан көліктерді бірден утилизацияға өткізеді. Ал бізде қолдану мерзімі 20-30-35 жылдан асып кеткен көліктер әбден тозып, сынып біткенше қолданыста жүреді. Еске көліктер біріншіден, экологияға, екіншіден, жол қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетіндіктен бізге осы мәселеге қатысты сауатты шешімдер қабылдау керек»,-деді сарапшы Бауыржан Ақаев.
Сарапшы маманның пайымдауынша, біз бір ғана көрші Ресейден жылына 132 мың көлік әкеледі екенбіз. «Осы әрекеттер арқылы біз отандық көлік өндірісінің адымын аштырмай отырмыз» деді маман.
«Шетелдің ескі-құсқы көлігін импорттай беріп, машина жасау өндірісін бәсекеге қабілетті базадан жұрдай еттік. Шетел бізге жақсысын бермейді. Есептесек, ескі көліктердің орнын жаңасымен толтыру үшін жылына 220 мыңға жуық көлік шығарып отыруымыз керек екен. Өкінішке қарай, біз екі жылда 16 мың көлік шығарғанымызды қанағат тұтып отырмыз. Қазір елде 3 млн 851,6 мың көлік бар десек, мұның 90 пайызы шетелден енетін көліктер. Бізде бюджет ақшасына қымбат көлік әкеліп мінетін мемлекеттік мекемелер де бар. Мысалы, 2017 жылы мемлекеттік мекемелер 4,5 млрд теңгеге 450-ге жуық шетелдік көлік сатып алған. Отандық көліктерге деген сұранысты алдымен осы мемлекеттік мекемелерден бастауымыз керек. Мемлекеттік мекемелердің, шенеуніктердің бюджет қаржысына шетелден қымбат көлік сатып алуына заңмен тыйым салған жөн. Қажет болса оларды заңға тарту қажет. Осылайша тек отандық көліктермен жүруді міндеттету керек»,-дейді Бауыржан Ақаев.
Ал «Көлік және логистика» орталығының маманы, техника ғылымының докторы Анар Еспенбетова алға тартып отырғандай, бұл мәселені шешудің төте жолы бар.
«Көрші Ресейде ескі көліктерді жаңалап, оның орнын толтырып отыру жыл сайын 3 пайызды ғана құрайды. Бізде авто нарықты тозығы жеткен көліктерден тазарту үшін жылына 220-230 мың көлікті жаңартуға тура келеді. Осыған қарап автокөлік өндірісінің қуатын арттыруды индустриаландыру картасына енгізілді. Бізге индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында көне автокөліктерді утилизациялау жобасын әзірлеу керек. Осылайша мемлекеттің қолдауымен ескі көліктерді жаңасына айырбастау тетіктерін қарастырған жөн. Ескі көліктерді утилизациялауға мемлекет өзі мүдделі болса, мұндай бағдарламаның жүзеге асуы да тез болады. Бұл бір жағынан «азып-тозған көлігін қалай жөндетемін» деп жүрген халыққа да көмек болар еді. Арнайы мемлекеттік бағдарлама көмекке келіп жылына 50-60 мың көлік шығаратын қабілетіміз болса, бұл саладан мемлекеттік қазынаға пайда да түсетін еді. Шетелге көлік экспорттайтын көрсеткішіміз де өсер еді. Бұл оңтайлы әрекет болар еді»,- дейді ғалым Анар Еспенбетова.
Негізінде, ескі көліктерді жаңарту әр елде әрқалай жүргізіледі. Мәселен, Германия мен Жапонияда уақыты келгенде мемлекет көне көліктерді өзіне алып, халықты қалтасы көтеретін арзан жаңа көліктермен қамтуды әбден жетілдіріп алған. Ал Корея, Сингапур, Норвегия елдерінде ескі көлікті мемлекет қазынасына өткізіп, оның орнына 2 пайыздық жеңілдікпен жаңа көлікті несиеге алу жағы қарастырылған. Бір айта кетерлігі аталмыш елдерде «ескі көліктер» деп зауыттан шыққанына сегіз жыл болған көліктерді атайды. Еуропа халқы көліктері зауыттан шыққан соң сегіз жыл қолданыста болса болды, онда жаңалауға асығады.
«Бізге Германиядан, Жапониядан, Кореядан елге енгізіп жүрген көліктер оларда жарамсыз саналған, мерзімі өткен көліктер. «Әбден азып-тозды» деп олар сегіз, он жыл қолданған көліктерін олар өтелдеуге тастайды. Міне, біз осы көліктерді сатып алып Қазақстанға әкеліп қолданып жүрміз. Еуро-5 стандартын меңгеріп алған елдер біз тәрізді қолдану мерзімі 30-35 жыл болған көліктерді мінгізбейді. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл жүйе дұрыс жолға қойылмай отыр»,- деді экономист-ғалым Анар Еспенбетова.
«Көлік және логистика» орталығының менеджері Ардақ Төлеуовтің айтуынша, біз жеңіл мәселені өзіміз ауырлатып отырмыз. Оның пайымдауынша, бізге нақ қазіргі уақытта автонесие жүйесін дұрыстап жолға қойған абзал.
«Көптеген елдер отандық автоөндірісін қолдау мақсатында отандық көліктерді сатып алушыларға жеңілдетілген автонесие ұсынады. Импорт автокөліктен гөрі, отандық көлікті алса, банктер жеңілдетілген мөлшерлемемен несие бергені жөн. Мұны мемлекет қолдаса, халыққа тиімді болар еді. Қазір ескі көліктерді утилизациялауға жұртшылық дайын. Бірақ оның барлығын жаңалауға техникалық базамыз дайын емес. Демек жеңілдетілген автонесиені тетікке қосуға тура келеді. Бізде зауыттан шыққан отандық көліктердің бағасы удай қымбат. Оны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Сондықтан осы мәселеге қатысты үкімет тарапынан жеңілдіктер қарастыру керек. Бұдан соң мемлекеттік мекемелерге отандық көліктермен жүруді міндеттеу керек деген пікірлердің де жаны бар. Расымен де, шенеуніктер шетелдік қымбат көліктерді мініп алғанша, отандық көліктерді сатып алып, қолдау білдірсін. «Мұны толыққанды заңмен бекітіп, нақтылап қою керек» деген пікірлермен келісемін»,-деді Ардақ Төлеуов.
Қарлығаш Зарыққанқызы