МӘСІМОВТІҢ қылмыстық ісі: Бұған РАҚЫШЕВТІҢ қандай қатысы бар?
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Мәсімов пен оның сыбайластарының үстінен қозғалған қылмыстың істі тергеуді жалғастырып жатыр. Бұл іске И.Тасмағамбетовтің күйеубаласы Кеңес РАҚЫШЕВТІҢ қандай қатысы бар?
Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің екі бабы – 4-баптың 366-тармағы (аса ірі көлемде пара алу) және 3-баптың 3-тармағының 218-бөлімі (ірі көлемде, қылмыстық жолмен табылған ақша және/немесе басқа да мүлікті заңдастыру (жылыстату)) бойынша. Nege.Aqsha телеграм каналының жазуынша, оның егжей-тегжейі анықталған.
Мәсімовтің соты. Фото: Астана қалалық сотының баспасөз қызметі
Мәселен, осы істің аясында Астана қаласының Қараөткел ықшамауданында орналасқан жер теліміне тыйым салыныпты. Ол жер меншік иесі ретінде олигарх Кеңес РАҚЫШЕВТІҢ атына тіркелген болып шықты. Бұл жайт «Astana Reality Group» ЖШС-ның Рақышевтің үстінен түсірген талап-арызын қарастыру кезінде мәлім болды. Компания бұл жер телімін көп пәтерлі тұрғын үй кешенін салу үшін сатып алған. Сөйтсе, көршілес жер телімдері Рақышевке тиесілі екен. Рақышев компания сатып алған жерге заңсыз ғимарат, құрылыс салып, ағаш отырғызып тастапты. Олар сотқа арызданып, бизнесменді жер телімін босатуға мәжбүрлемек болған.
Астананың Есіл аудандық соты, сосын қалалық сот «әлі кезі келмеді» дегенді алға таптып, талап-арызды қабылдаудан бас тартады. Өйткені, бұл жер теліміне Мәсімовтің қылмыстық ісі бойынша заттай айғақ ретінде тыйым салғынған көрінеді. Істің немен аяқталары әлі белгісіз.
«2022 жылдың 11 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 2022 жылдың 6 сәуірінен бері Рақышевтің меншігіне жататын №21-320-068-911 кадастрлық нөмірмен тіркелген жер теліміне тыйым салған. Бұл нысан, Қазақстан Республикасының Қылмыстың процессуальды кодекстің 163-бабына сәйкес, ысырап етуге, жасыруға және басқа біреуге беруге болмайтыны ескертіліп, Рақышевке сақтау қолхатымен берілген. (…) Талап-арыз берушінің талаптарын қарауға әлі ерте деген соттың тұжырымына назар аударған жөн. Себебі, осы дауды қараған сәтте, қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеуі аяқталмағаны, заттай айғақтың тағдыры әлі шешілмегені анықталды», – делінген Астана қалалық сотының сот алқасының 2023 жылғы 14 наурызындағы қаулысында (қаулының көшірмесі редакцияда бар).
К.Рақышев, Х.Байден, Д.Байден және К.Мәсімов. Фото: ғаламтордан
АҚШ-та сыбайлас жемқорлыққа қатысты Джо және Хантер БАЙДЕНДЕРДІҢ басы дауға қалды. Осы дау-дамайда да Кеңес РАҚЫШЕВ пен Кәрім МӘСІМОВТІҢ аты-жөні атылып жүр. АҚШ-тың Өкілдер палатасының қадағалау жөніндегі комитетінің төрағасы Джеймс КОМЕР АҚШ президенті Джо Байденнің баласы Хантер Байденді айыптап отыр. Кіші Байден әкесі вице-президент лауазымын атқарып жүрген кезде әртүрлі елдердің олигархтарынан миллиондаған доллар алып жүрген көрінеді. Ол елдердің ішінде Қазақстан да бар. Джеймс Комердің айтуынша, 2014 жылдың көктемінде Джо және Хантер Байдендер Рақышев пен Мәсімовпен бірге кешкі ас ішкен.
Бұл іс бойынша соттың қандай шешім шығаратыны белгісіз. Әзірге белгілісі – түрлі күмәнді істерде Мәсімов пен Рақышевтің жолы тоғыса беретіні ғана…