Конференцияға қатысушылар: Медиация барлық тарапты біріктіреді
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Social project management» орталығы 26-қазан күні Антон Чехов атындағы кітапханада «Дау-дамайлар мен жанжалдарды реттеуде медиацияның рөлі» атты конференция өткізді. Медиация институтын дәріптеу және дауларды шешу бойынша іс-шаралар кешенін өткізуге бағытталған жоба аясында өткен конференцияға ұйым жетекшісі Бейбіт Молдахметұлы модератор болды.
Конференцияға мемлекеттік органдардың, сот, бизнес, азаматтық сектор өкілдері, медиаторлар және т.б. қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан медиаторлар қауымдастығының төрағасы Жанділда Жақыпов, Алматы қалалық сотының отставкадағы судьясы Халбуви Шарипбаева, «DAXX GROUP» ЖШС директоры Серік Омар, медиатор Ғалия Сарыбаева мен Халбуби Жанботаева, Наталья Голикова, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы Азаматтық бастамаларды қолдау бөлімі басшысы Ақмарал Ахметова конференцияның қонағы болды. Сонымен қатар маңызды іс-шараға Еуразия техникалық-экономикалық коллеждінің, Интустриалды-инновациялық колледждің, Заң колледжінің студенттері де қатысып, спикерлерге сұрақтар қойып белсенділік көрсетті.
Конференция басында Қазақстан медиаторлар қауымдастығының төрағасы, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ президенті, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының лектор-сарапшысы Жанділда Жақыпов «Қазақстандағы медиацияның қазіргі деңгейі» атты баяндама оқыды. «Сотқа дейінгі медиация қызметін бізге де енгізер болсақ көп мәселенің алдын алар едік. Біздің негізгі мақсатымыз мәселені күрделендірмей, дауды шешу. Демек, сотқа дейінгі медиатор қызметін дамытар болсақ бұл мақсатымызға біршама жақындар едік. Америкада көшеде арнайы медиатор қызметтері орналастырылған. Тараптар сөзге келіп қалса да, төбелесіп қалса да кез келген уақытта медиатор қызметіне жүгіне алады. Біз де еліміздегі медиация жүйесінің осындай тиімді жақтарын жетілдіруіміз керек» деді ол.
Келесі сөзді алған ардагер судья Х.Шарипбаевның сөзінше медиацияда екі тарап бір келісімге келеді. Бірақ оның шартын орындалуын мемлекет қамтамасыз етпейді, қадағаламайды. Бір тарап шартты елемесе, онда екінші тарап сотқа жүгінуі қажет. Бұл бәрі бір медиация тараптары сотқа қайтып келеді деген сөз. Ал медиация сол сот жүйесіне ауыртпалық түсірмес үшін ойлап табылған.
Кәсіпкер Серік Омар бизнес саласында медиация кең қанат жайғанын атап өтті. «Ақша тыныштықты жақсы көреді» деген сөз бар ғой. Кәсіпкерлер сотқа жүгініп, сот шешімін күтіп жүре берсе, ол бұларға көп шығын әкеледі. Ағымдағы жұмыстардың тоқтап қалмауына мүдделі болғандықтан, олар соттан гөрі медиаторларға жиі жүгінеді» дейді ол.
Халбуби Жанботаева мамандығы филолог болса да медиациямен шұғылданып жүрген маман. Оның ойынша медиациямен айналысуға еш шектеу жоқ. «Қазақстанда жасы 25-тен асқан кез келген азамат немесе азаматша медиациямен айналыса алады. Тіл байлығы мол, жоғары сауатты болса жеткілікті» деп пікір білдірді медиатор ханым.