Қазақстанда екі министр халықпен кездесуден босатылады

0

Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Ұсынылған түзетулер жобасы ашық құқықтық актілер сайтында жарияланды. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қолданыстағы қаулыға сәйкес, орталық атқарушы органдардың басшылары (қорғаныс және сыртқы істер министрліктерін қоспағанда) жыл бойы тұрақты түрде халықпен кездесулер өткізіп тұруы тиіс. Енгізілген түзетулерге сәйкес, енді төтенше жағдайлар және ішкі істер министрлері міндетті кездесу өткізетіндер тізіміне қосылмайды.

Сондай-ақ орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер кестесін қалыптастыру және бекіту тәртібін өзгерту көзделуде.

Енгізілген түзетулерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар жарты жылда бір рет, 1 желтоқсан мен 1 маусымға дейін өңірдегі жағдайды талдау негізінде халықты толғандыратын мәселелердің тізбесін, күн тәртібін, өткізу орны мен мерзімін айқындап, кесте жасайды. Халықты кеңінен қамту мақсатында шенеуніктер мен азаматтардың кездесулеріне басымдық демалыс күндеріне берілмек.

Егер орталық атқарушы органның бірінші басшысы объективті себептермен белгіленген уақытта отырысқа қатыса алмаса, онда оның орынбасары жіберіледі.

Осы және өзге де түзетулерді 8 қарашаға дейін ашық құқықтық актілер сайтында талқылауға болады.

фото: stan.kz