«Имам емес, қарапайым тазалықшымын»: Желіде тараған атышулы видео кейіпкері тазалықшы әйелді неліктен мешітке кіргізбегенін түсіндірді (видео)
Желіде мешіттердің бірінде тазалықшы әйелді ішке кіргізбей, «Кет!» деп айқайлаған имамның видеосы пайда болып еді. Оқиғаның мәнжайы анықталып, әйелге ұрысқан имам емес, қарапайым жұмысшы екені белгілі болды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Алматы облысында емес, Түркістан облысында болғаны белгілі болды.
Қазіргі таңда 290 мешіт бар Алматы облысында діни ахуал тұрақты, барлық қызметкерлермен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова хабарлады.
Әйелді діни орыннан қуып шыққан ер адамның есімі Есей Герұлы. Ол имам емес, жайдың тазалығына жауапты қарапайым мешіт қызметкері. Оның айтуынша, оқиға бір күн бұрын болған. Жұмысшылар үнемі әжетханаға кіріп шығуды сұрайды екен. Алайда олар дәретхана ішін таза ұстамайтын көрінеді. Сол себепті мешіт қызметкері олардың бұл әрекетіне шыдамай жанжал шығарған.
«Барлығынан кешірім сұраймын. Мен имам емеспін, қарапайым адаммын, тек тазалыққа жауаптымын. Кеше олар әжетхананы былғаған соң ескерту жасадым. Исламда бәрі таза болуы керек. Мен бұл үшін ешқандай жалақы алмаймын. Тағы да қайталап айтамын, мен имам емеспін, тіпті ұстаз да емеспін. Мен мұнда жұмыс істемеймін. Мынау Намазхана, біреулер келіп мына жердің мүлкін бүлдіреді, қоқыс тастайды, заттарды сындырады. Мұндай жағдайлар кейде болып тұрады. Сол үшін айқайладым, сол үшін кешірім сұраймын. Енді қайталанбайды», — деді ер адам.
Сондай-ақ ол ҚМДБ мен мүфтият өкілдерін айыптауға себепкер болғаны үшін кешірім сұрады.