БЖЗҚ-ның 450 миллиард теңгесі «ҚазАгроға» салынды — Компаниялар мен банктер
2018 жылғы 29 қарашада ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған инвестициялаудың 2018 жылға арналған негізгі бағыттарына сәйкес БЖЗҚ-ның 450 миллиард теңге сомасындағы зейнетақы активтері «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың айналыс мерзімі 15 жылдық облигацияларына нарықтық талаптармен және жылдық 10 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен инвестицияланды, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Банктегілердің мәліметінше, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ — агроөнеркәсіптік кешенді индустриалдық дамытуды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі институт. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы мемлекет «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың жалғыз акционері болып табылады. Халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары кредиттік бағасына ие болған холдинг бағалы қағаздар нарығындағы сенімді қарыз алушылар қатарына жатады.
Мәселен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Fitch Ratings агенттігінің халықаралық каласы бойынша оң болжаммен «ВВВ-» деңгейінде тұр. Холдингтің меншікті капиталы 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай — 244,9 миллиард теңге.
Жалпы алғанда агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызды секторларының бірі болып табылады және өндіруші саланың Қазақстан экономикасына әсер етуін теңестіруге мүмкіндігі бар негізгі қозғалтқыш ретінде қаралады.
Осылайша, бір жағынан, жоғарыда көрсетілген инвестициялар БЖЗҚ салымшыларына жыл сайын біршама инвестициялық кіріс әкелетін болады, екінші жағынан — саланы қаржылай қалыпқа келтіру есебінен агроөнеркәсіптік секторды одан әрі дамытуға және жетілдіруге, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін төмендетуге, бағамның нарықтық ауытқуларына байланысты валюталық тәуекелдердің азаюына, сондай-ақ кредиттеу көлемінің ұлғаюына айтарлықтай қолдау көрсетеді.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz