Арыстанбек Мұхамедиұлы енді «Дипломат» үшін сотқа тартылды
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің экс-директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына «Дипломат» қонақүйін заңсыз иемденді деген айып тағылды. Іс елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Экс-министрге Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 249-бабы 1-бөлігі (рейдерлік әрекетке оқталу), 28-бабы 3-бөлігі – 250-бабы 1-бөлігі (өкілетін теріс пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру) бойынша айыпталып отыр.
Айыптау қорытындысы бойынша, 2019 жылы «Дипломат» қонақүйіне иелік етіп отырған К. есімді кәсіпкер Мұхамедиұлынан өзінің қонақүйіндегі мәселелерді шешу үшін материалдық көмек сұраған. Сотталушы оған 2,5 млрд теңге беруге келіскен, бірақ мұндай көмек үшін ол сенімді тұлға енесінің атына бизнестің 71%-ын ресімдеуді талап еткен. Осылайша экс-министр қонақүйді толық иемденіп алмақ болған.
Келісімге қол қойылған соң Мұхамедиұлы қонақүйге жиі келетін болған. Кейін ол қонақүйдің қалған 29% бөлігін беруді сұраған. Алайда кәсіпкер К. бұл ұсыныстан бас тартқан. Бірнеше уақыттан соң айыпталушы «Дипломат» қызметкерлеріне өзін осы кешен иелерінің бірі ретінде көрсетіп, олардан ЖШС директорын қонақүйге кіргізбеуін тапсырған. Деректерге сай, артынша Мұхамедиұлы серіктестік қатысушыларының жиналысын ұйымдастырып, хаттаманы қолдан жасап, ЖШС басшысы атанады.
Сотта Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы өзіне тағылған айыппен келіспеді.
Еске салайық, 2023 жылдың 20 маусымында Байқоңыр ауданының №2 сотында Арыстанбек Мұхамедиұлы Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін 8 жылға сотталған еді.
2023 жылдың 14 қыркүйегінде Астананың апелляциялық сот алқасы бұрынғы мәдениет және спорт министріне қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.