Тұрсын Жұртбай: Әуезов – «Сталиннің фавориті» емес!

0

Бүгін, 28 қыркүйек – қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туған күні. Алаш зиялыларының ізімен жүріп, алмағайып заманда Ахметтің (Байтұрсынұлы — авт.) ақылымен «елге ие боп қалған», амандығымен қазақтың пайдасына жарап, артына ұшан-теңіз еңбек қалдырған Мұхтар Омарханұлының туғанына 126 жыл толды. Осыған орай, ҚазАқпарат әуезовтанушы Тұрсын Жұртбайдың Мұхтар Әуезовке жабылған бір жала жайында жазылған «Әуезов – «Сталиннің фавориті» емес!» деген мақаласын оқырман назарына ұсынады.

Жалпы, қанша көнтерлі болсаң да, шыдамның да шегіне жететін шағымды шағы болады. Ой-пікірімізді, парасатымызды, тұлғалық ар-ожданымызды былай қойғанда, рухани қасиетіміз, ұлттық рухымыз, тарихи таным-санамыз ретінде саналатын Абай мен Әлиханның, Ахмет пен Міржақыптың, Аймауытов пен Әуезовтің жанкешті мұраларын қорлап, біз бүгінгі тағзым етіп отырған Мұхтар Әуезовті адамзат тарихындағы ең қансоқталы узурпатор «Сталиннің фавориті» еді деп жариялап, оны дүниежүзі деңгейіндегі «плагиаттық» пен «фалсификаторлықтың» үлгісі ретінде ұсынып, мазақ етіп, күресінге айналдырғанына төрт-бес жылдың ауаны болды. Соған шамырқанған, не шіміркенген бір жан, не солардың атын иемденіп, жанын бағып отырған мекеме болсашы? Сонда, кешегі кеңестік қысым қылғындырып, буындырып, атып-асып, Қайым сияқты рухы беріктерді ыстық-суық камерада қинағанда да, Абайдан, Әуезовтен бас тартпаған жанкештілердің еңбегі, шынымен де еш кеткені ме? Міне, осы менің жаныма батады.

Сөзді осылай шамырқанып бастамасқа амалым да қалмады. Өйткені, бүкіл бір ұлттың руханият киесіне айналған Абайдың жүрегіңдегі бейнесін орынынан суық та сұғанақ сөздерімен суырып алып: «Абай деген де, Ибраһим деген адам да, ақын да болған жоқ! Абай деп жүргендерің қолдан жасалған идеологиялық қуыршақ!» — деген арандата ұрандаушы адам туралы бұдан өзге орайлы байлам ойыма оралмады.

Оның қылғына отырып куәландыруынша, Абай:

«Біріншіден, «Ибрагим Құнанбай» деген адам ақын болмаған. «Абай өмір сүрген жоқ».

Екіншіден, біз қазір «Абай» деп танитын адамның ол кезде «Абай» деген лақап аты әлі болмаған.

«Слова назидания» побуждали казахов презирать себя, своих предков, язык и культуру» (Біз барлық дәйектерді желідегі тілдік мәтін бойынша береміз), яғи Абайдың «Қара сөздері» («Ғақлия сөздері») қазақтардың өздеріне, ата-бабаларына, тілі мен мәдениетіне деген жеккөрінішін оятты», — деп дүние қауымына жар салған өрекпуін оқыған соң, дымымыз шықпай қалды.

Оның бірінші үкім-қорытындысы: «Существовал ли казахский поэт и философ «Абай Кунанбаев», выучивший русский язык за три месяца в приходской школе, а потом, будучи, как и все его соплеменники, сезонным кочевником, без какого-либо формального образования самостоятельно углубившийся в труды западных мыслителей и русских классиков? Мой ответ: нет, не существовал и не мог существовать. Этому вопросу я посвятила все 8 глав статьи «Загадка Абая» и две главы статьи «В поисках «Абая»: письма Адольфа Янушкевича, ещё одна советская подделка».

Міне, осы атышулы З. Батаева, алты-жеті жылдан бері желқабыз желі арқылы «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны» — «Загадка Абая»: Величайший неизвестный поэт Казахстана» және «В поисках «Абая»: письма Адольфа Янушкевича, ещё одна советская подделка», «Слова назидания» побуждали казахов презирать себя, своих предков, язык и культуру», «Почему и зачем биографии великих казахов создают россияне?» деген дақпырт тақырыппен, өзгені емес, біз рухани тұлға ретінде бас иетін тура Абайдың өзін қорлап қана қоймай, сонымен қатар сол арқылы қазақты қорлап сөйлеуді тақыстық машыққа айналдырып алды. Ондай адамның да, ақынның да болмағанына ұлттық ар-ожданымыздың кепіліне балайтын Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты, Ж. Аймауытовты, М. Әуезовті жалған куәлікке тартып, олардың өзін – «плагиат», «фальсифакатор», «Сталинның фавориті» деп жариялап, сондай бір бейпіл жаламен ешқандай именусіз дүние оқырманын арандатып келеді. Бұған да можантопайлықпен көндігіп қалып ек, оның бұл сандырақтарын әлемдік деңгейдегі жаңалық ретінде жарнамалаған, аты бізге беймағлұм Мерей Сүгірбаева деген блогерге берген кезекті «мардымсуындағы» (түпнұсқа бойынша берілді):

«10/01/2023 Казахстанский филолог и культуролог Зауре Батаева, давно и успешно работающая за рубежом, выступила с сенсационными статьями о том, что автором «Слов назидания» является не Абай, а Мухтар Ауэзов и один из лидеров «Алаш-Орды» политтехнолог Алихан Букейханов. В пользу ее версии говорит то, что архивы автора «эпопеи казахской жизни» засекречены до 2093 года», — деген жауапсыздықпен берілген бейәдеп таныстыруы тітіркендіріп-ақ жіберді.

Енді қайтейік, бүкіл ғұмыр-санаңды баураған, «ақыл сусыны», «жүрек жұбанышы» деп жүрген Абай «жексұрын сөздің» иесі, ал қазақтың рухани азаттығының кепілі деп жүрген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Әуезов – «плагиат», «фальсификатор», «Сталиннің фавориті» болып шықса. Бүкіл өміріңнің мақсаты мағынасызданып, босқа өмір сүргендей қорланып кетеді екенсің.

Енді, жоғарыдағы «Мүнәһибтан» кейін, Абайды жайына қалдыра отырып, тақырып арқауы Мұхтар Әуезовтің жайына көшейін.

З. Батаева: «1900 жылдары қазақ тіліндегі кітаптар Санкт-Петербургте емес, Қазанда немесе Орынборда шығарылған еді. Онда Абайдың суреті жоқ еді», — дейді. Бұған тоқталып жатпаймын. Тек жапон ғалымы Томохико Уяманың бұл кітапты қайдан табуға болатыны туралы:

«Ол Абайдың алғашқы кітабын 1909 жылы Санкт-Петербургте И. Бораганскийдің баспадан шығарғанын растау мүмкін емес деп айтады, өйткені Орталық академиялық кітапхананың сайтында басылымның мәліметтері бар титулдық парақ кітаптың екі электронды нұсқасында жоқ. Бірақ басқа кітапханаларда, соның ішінде Санкт-Петербургтегі орыс ұлттық кітапханасында бұл кітап бар. Қ. Мұхамедхановтың Бораганский туралы кітабында титул парағының фотокөшірмесі бар», — деп кеңес бергенін назарға сала кетеміз.

Міне, осы кеңесте З. Батаеваның:

«Оған қоса, Мұхтар Әуезов 1940 жылдары Абайдың ешқандай суреті жоқ екенін басып айтқан еді… Ал осы кітаптардың біріндегі Абайдың суреті қайдан жүр?» — деген сұрағына да жауап берілген.

Расында да, қайдан жүруші еді, сол 1909 жылғы кітаптің ішінде, Кәкітай жазған өмірбаянның алдында Абайдың аты-жөнімен қоса, туған-өлген жылы көрсетіліп тұрып түскен суреті бір бетке тұтас жеке берілген. Ал, осы кітаппен он үш жасынан таныс Мұхтар Әуезов ол суреттің барын білмеді деу еш қисынға келмейді.

«Осы аталып отырған жылдардан кейінгі уақытта Мүрсейіттің «қолжазбасы» қайда болыпты? Бұған да жауап жоқ. Бір білеріміз – Мүрсейіттің «қолжазбалары» бұқараға тек қана 1950 жылдары таныстырылды. …Абайдың 2005 жылғы толық жинағын әзірлеген редакторлардың сөзіне сүйенсек, 1907 жылғы көшірмесі 1950 жылдарға дейін Мұхтар Әуезовтің жеке меншігінде болып, қазір Мұхтар Әуезовтің музейінде екен».

З. Батаева дұрыс айтады, ол қолжазба «Әуезов үйі» мәдени орталығының қорында, сол сөреде сақтаулы тұр. Мұны, осы мұражайдың бұрынғы қызметкері ретінде растай аламыз. Ал, Орталық музейде Мүрсейіттің тағы бір қолжазбасы бар. Оны Абайдың немересі Уәсилә Мағауияқызынан сол кездегі музей директоры Әбіш Жиреншин сұрап алған. Музейдің кейінгі директоры Нұрсан Әлімбаев бұл қолжазбаның текстологиялық тұрғыдан салыстырылған нұсқасын түсініктер бере отырып жеке кітап етіп бастырып шығарды.

Үш-өрт жыл бойы санамды езіп, зықымды алған ойларымды аяқтай бергенімде, былтыр желіден тағы да сумаң етіп З. Батаева мен М. Сүгірбаеваның:

«12/01/2023 Опубликованная вчера первая часть интервью с филологом Зауре Батаевой вызвала бурную реакцию у читателей. Нашлись как сторонники, так и ярые противники выдвинутой ею версии… Сегодня мы публикуем вторую часть интервью с ней, где Зауре утверждает, что: «ни для кого не секрет, что прототипами многих текстов, вошедших в корпус «Слов назидания», являются статьи других авторов, в частности, Алихана Букейханова (Дала Уалатының гәзеті, 1889) и Жусипбека Аймауытова (журнал «Абай», 1918). Таким образом, «Слова назидания» несут в себе отпечатки как фальшивки, так и плагиата», – деген «сандырақтың сандырағы» шыға келгенде, жағамды ұстадым.

Өздерін-өздері жебеп, мардымсыған бұл сұқбатында, З. Батаева өзін енді қорытынды жасап, үкім шығаратын соттың эксперті дәрежесіне көтеріп, жоғарыда көрсетілген барлық еліре-елегізген бейбастақ қисындарын «тұжырымдапты». Желідегі жетектеуші М. Сүгірбаева:

«Как общественность и в первую очередь исследователи-литературоведы творчества Абая, а также историки, специализирующиеся на XIX веке, восприняли ваши работы? К слову: поэту Евгению Курдакову, когда он, исследуя биографию Абая, пришел к выводу, что тот употреблял опиум, пришлось, как рассказывал культуролог Ауезхан Кодар, уехать из страны», — деген арандатушы сұрақ береді.

Оған З. Батаева:

«Евгений Курдаков, будучи сам поэтом, как никто другой понимал, что лирика – это внутренний мир поэта, его личный опыт и переживания, поэтому он был совершенно прав, пытаясь найти личность поэта в самих текстах», — деп жауап береді.

Сөйтіп, Абайды апиыншы деп бүкіл елді шулатқан Е. Курдаковтың сандырағын «дұрыс» деп есептейді. Біз, Е. Курдаковтың «Смерть Абая» (Абайдың өлімі) атты («Книжное обозрение», 17 августа 1990 года) сандырағына орай кезінде «Екіестінің елегізуі немесе Абайға араша» (Қараңыз: «Ол боламын демеңдер!..» Астана, 2021, 584 б., 184-193 беттер) атты жауап жазғамыз. Есті ақын болатын, ақыры көптің ұятына шыдамай, «шет елге паналауға», яғни ол кезде шекарасы белгіленбеген Алтай өлкесіндегі іргелес жатқан ауылына кетті деп естігеміз. Кейінгі тағдырын білмеймін. Жолы болсын.

Бұл жалған әдеп сақтағансып, жасырып қалатын жәй өкпе-наз емес. Себебі, бұл арада, Абайдың, Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Әуезовтің, сонымен қатар Қайым сияқты жазықсыз марқұмдардың ар-намысы, демек, бүкіл қазақ ұлтының абырой-ұжданы талқыға түсіп тұр. Себебі, З. Батаева шығарған үкім бойынша: Абай – адам емес, қолдан жасалған «қағаз данышпан», жалған-плагиат ақын, ал Бөкейханов пен Әуезов – фальсификатор, арандатушы. Сенбесіңіз, шыдамдылық танытып оқып шығыңыздаршы (мен түпнұсқаны ықшамдап келтіремін):

З. Батаеваның мұнда көрсеткен желідегі желдіртпесіндегі сәйкессіздіктермен жоғарыда таныстыңыздар. Қайталап жатпаймын. Ал:

«А здесь, в этом интервью, вкратце суммирую результаты анализа первоисточников», — дегендегі тұжырымы мынау:

«Сегодня ни для кого не секрет, что прототипами многих текстов, вошедших в корпус «Слов назидания», являются статьи других авторов, в частности, Алихана Букейханова (Дала Уалатының гәзеті, 1889) и Жусипбека Аймауытова (журнал «Абай», 1918). Таким образом, «Слова назидания» несут в себе отпечатки как фальшивки, так и плагиата».

Ә. Бөкейханов пен Ж. Аймауытовтың қай мақаласы Абайдың қай «Қарасөзінде» жүр? Өзінің жаласына өзі жал тауып, осылай жаламалап соға беруге бола ма? Осылай бір деп алады да дем алмай:

Екінші үкім-қорытынды: «Второй этап генезиса начинается с момента появления авторства «Абая» в начале XX века, когда Алихан Букейханов, объединив усилия с Ахметом Байтурсыновым и Миржакыпом Дулатовым, начал вводить имя «Абай», как поэта и философа, в узкий круг казахских интеллектуалов, постоянно цитируя его в своих журнальных статьях и публикуя сборники его стихов. Есть стилистические признаки, указывающие на то, что эти трое сотрудничали как в написании, так и в редактировании этих стихов… Эти данные позволяют думать, что «Абай» был неким конструктом, созданным несколькими авторами. И все же автором многих стихов и переводов, приписываемых сегодня «Абаю», был сам Алихан Букейханов, который, начиная с 1889-го по 1937 годы, под разными псевдонимами регулярно переводил произведения русских классиков на страницах разных печатных изданий», — дейді.

Міне, Абай, осылай «қағаз қуыршақ» ақынға айналыпты. Сөйтіп, еш шімірікпестен Әлекең (Әлихан Бөкейханов) мен Жақаңды (Міржақып Дулатовты) «ұрлықшы» (плагиат), арандатушы (фальсификатор) деп жариялайды. Осы әрекеті арқылы бұл екеуі бүкіл қазақ руханиятын жалған жолға салған болып шығады. Олар ұлтын алдайтындай мұндай жалғандыққа барғанша, өмірін қиюға дайын ар-ожданның иелері. Олар жалған идеяның жанайшаптары емес, керісінше, жалған, қондырма идеяларға қарсы күрескен ар-ождан қаһармандары. Шіркін-ай, осы даурықпаға сенетіндердің соны түсінетіндей сәл сана саңлауының болмағаны ма? Сөйтіп, ойдан дұшпан (Абай) тауып, қиялдан жазалаушы қаһарман тауып (Бөкейханов, Дулатов), өзінің жалған елесімен өзі арпалысып, соңында жәйімен ғана «дей салады». Мен бұған жауап іздеп әуре-сарсаңға түспеймін. Бар нәрсе – бар, Абай өмір сүрген, өлең жазған. Жоқ нәрсе – жоқ. Әлекең өлең жазуды машық етпеген. Ал, Жақаңның көркемдік ойлау жүйесі, мәнері, сөздік қоры, ішкі ырғағы, өлеңдерінің мазмұны мүлдем басқа.

Бұған да қанағат тауып, айызы қанбаған З. Батаева енді М. Әуезовке азу білейді.

Үшінші үкім-қорытынды: «Третий и заключительный этап появился в начале 30-х, когда советская власть с помощью Мухтара Ауэзова решила вылепить из «Абая» казахского поэта и прорусского мыслителя национального уровня, приписав ему авторство 43 прозаических текстов. Таким образом, канон «Абая», с которым мы все знакомы с детства, был успешно создан именно на этом этапе…

Скорее направленная на оправдание, чем на обратное, эта статья ненароком проливает свет на еще одну важную проблему – соавторства. Изучение архивных материалов помогло выяснить, что роман «Путь Абая» практически был переписан председателем цензурного комитета (Главное управление по делам литературы и издательств (Главлит) СССР Леонидом Соболевым на русском языке, а потом уже переведен на казахский. Не новость, что тотальная цензура в СССР доходила до полного абсурда, но скрытое соавторство Ауэзова с фаворитом Сталина в создании романа, где история казахов искажена и оболгана, а сами казахи изображены карикатурно безобразно, вероятно, до сих пор не мешает казахстанской филологии считать этот роман чуть ли не энциклопедией казахской культуры и образцом жанра».

Ой, тәубә, бағанағы-бағанағы ма, сорақылық мына арадан шықты. М. Әуезовтің тауқыметті тағдырынан еш хабары жоқ адамның сөзі ғой. Сонда, «Алашорданың құйыршығы» ретінде 1919 жылдан бастап, 1954 жылдың ақпанынан дейін қуғыннан көз ашпаған, 1930-1932 жылдары түрмеге қамалған, 1936-1939, 1947-1953 жылдары тұрақты түрде идеологиялық қысымға ұшыраған, 1953 жылы сәуірде Қазақстанның Орталық комитететінде тұтқынға алу туралы шешім қабылданатын сәтте Мәскеуге жасырын қашып барып, бас сауғалаған Мұхтар Әуезовті «Сталиннің фавориті» деп айтуға қандай адамның дәті шыдайды?

Бұл – сандырақтың сандырағы.

«Абай жолын» жазуылуына Л. Соболевтің еш қатысы жоқ. Оған М. Әуезовтің мұражайындағы жазушының «Абай» романының бірінші, екінші кітабінің қолжазбасы дәлел. Сонымен қатар, Т. Нұртазиннің, ішінара М. Жанғалиннің түпнұсқаны жолма жол аударма жасаған қолжазбалары бар. Әуеліде, А. Никольская мен Т. Нұртазиннің, Н. Ановтың аудармасы арқылы баспадан ресми түрде жарияланды. Л. Соболевтің аты кейінгі Мәскеу басылымдарында барып қосылды.

Ал, Л. Соболев пен М. Әуезовтің шығармашылық, достық байланысы Соболевтің жамағаты Михальцеваға жазған «Хаттарының» жинағында біршама қамтылған. Аударма барысында қандай қиыншылықтар мен келіспеушіліктер орын алғаны да сонда ашық баяндалады. М. Әуезовтің де Л. Соболевпен аударма туралы жазысқан, кейде қатты айтылған пікірлері бар хаттары да сақталған. Ол хаттардың мазмұнынан-ақ, «Абай жолын» жазуға Л. Соболевтің де, цензураның да еш қатысы жоқ екенін байқауға болады.

Сонымен қатар, цензураның шығармашылық процеске мүлде қатысы жоқ. Ол Қауіпсіздік комитетінің жанындағы бақылаушы шағын ғана топ екенінен З. Батаеваның хабары жоқ-ау деймін. Әйтпесе, «Абай жолындай» ұлы шығарма жаза алатын адамның идеологиялық қате іздеп, біреудің жазғанын тексеріп, көз майын тауысып, цензурада істеп несі бар? Қисынсыз қиял. Оның үстіне, Соболевтің бейнелеу стихиясы – теңіз бен теңізшілер, Әуезовтің көркем әлемі – дала, көшпенді өмір. Көркем әлем стихиясы үшін мұның шешуші маңызы бар.

Ал, З. Батаеваға: 2093 жылға дейін М. Әуезов туралы Мәскеу архивінің жабық екенін жеткізген Огрызко дегеннің не «кеміріп» жүргенін және З. Батаеваға қандай ақыл бергенін білмеймін. М. Әуезовті жоққа шығаруға тырысып жүрген ол қандай әдебиетші өзі? З. Батаеваның:

«Меня наверняка спросят, как так получается, что факты ложного авторства, фальсификации и даже незаслуженные награды, полученные, мягко говоря, за мошенничество, никак не сказываются на писательской репутации Мухтара Ауэзова, а его имя гордо произносится наряду с теми, чьи имена он помог сталинскому режиму стереть с нашей исторической памяти? Чем объясняется незыблемость и живучесть его советского наследия – монументальный «Абай Кунанбаев», как сфинкс охраняющий ложь и подделки, подаренные нам Советским Союзом? Ответы на эти вопросы мы находим в статье Вячеслава Огрызко, где он пытается всеми средствами представить Мухтара Ауэзова как жертву цензуры, при этом ни словом не обмолвившись о том, что тот не может считаться автором романа, написанного коллективными усилиями», — деп мойындауына қарағанда, ол да Әуезовке «кекті» адамның бірі сияқты.

«Вячеслав Огрызконың» архивті кертіп-кеміріп жүргендегі әрекеті, сол кезде КПСС Орталық комитетінің өнер бөліміне қарасты бір бөлімшеде істейтін Л. Соболевтің жамағаты Михальцеваның: аударманың қаламақысы мардымсыз деген мағынада жазған арызы болса керек. Ол мәселе кезінде талқыланып, арыздың дәйексіздігі туралы Л. Соболевтің өзі жауап беріп, тындым тапқан. Ал, ол әйелдің күйеуіне деген «өкпесі мен еркелігінің» М. Әуезовке және «Абай жолына» еш қатысы жоқ. Сондықтан да, З. Батаева қанша өзімшіл, өрмінез, өркөкірек болса да, әдеп «стандартын» сақтап:

«советская власть с помощью Мухтара Ауэзова решила вылепить из «Абая» казахского поэта и прорусского мыслителя национального уровня, приписав ему авторство 43 прозаических текстов;

«но скрытое соавторство Ауэзова с фаворитом Сталина в создании романа, где история казахов искажена и оболгана»;

«роман «Путь Абая» практически был переписан председателем цензурного комитета (Главное управление по делам литературы и издательств (Главлит) СССР Леонидом Соболевым на русском языке, а потом уже переведен на казахский»;

«он … не может считаться автором романа, написанного коллективными усилиями»;

«как так получается, что факты ложного авторства, фальсификации и даже незаслуженные награды, полученные, мягко говоря, за мошенничество, никак не сказываются на писательской репутации Мухтара Ауэзова»;

«Чем объясняется незыблемость и живучесть его советского наследия – монументальный «Абай Кунанбаев», как сфинкс охраняющий ложь и подделки, подаренные нам Советским Союзом?» — деп аспанға қарап шалқақтамай, әдеби-сыни пікір айтудың нормасын сақтағаны дұрыс болар еді.

Бір ұлттың (өзінің ұлтының демей-ақ қоялық, тағы да бір ілікке қалармыз) ар-ұятына баланып бағаланған, дүниежүзі мойындаған М. Әуезовті «өтірік пен жасандылықтың ескерткіші» деп кеудесін басып, таптамай, аяғын тартып жүргені лазым.

Осындай сандырақтармен таныса отырып байқағаным, бұларға дауа жоқ екен. Күн өткен сайын «сандырақтары» күшейіп, «Біз де білеміз деп есе бермей таласып, күре тамырын барған сайын білеулете адырайтып келеді». Бұрынғы «адырайтқан» адырайтқан ба, енді тікелей өктемдікпен үкім шығаруға көшті. Өздері «қастаншықпағыр кеңестік жүйе» деп орынды баға берген мемлекеттің жазалау жүйесіндегі үкім шығарушы жалдаптардан да асып түсетін жайы бар. Сол, З. Батаева айтып отырған абайтану ілімінің өкілі саналатын «байбаламшыл, кеңестік насихат миына сіңіп кеткен, бірақ: «арсызды – арсыз, жаланы – жала» деп айтуды ұстанған «қарғап сөйлейтін» адамның бірі біз шығармыз.

Тек бұл бағыттың ең қауіптісі әрі өкініштісі, З. Батаеваға еліктеп, Абайды жеккөрінішті, қазақтың жауы етіп көрсетуші, дүниенің бәрін жоққа шығарушы ниглист топ қалыптасып келеді.

Егер де, З. Батаеваның: «Но есть и положительные отзывы, и не только от западных и российских, но и от казахстанских ученых, что очень важно», — деп жазғанындай, ғалымсымақтар бар болса және ол топтық, тобырлық сыпат алса, онда бұл бағыт қоғамдық құндылықты бағалаушы қазақ қауымының ертең екіге бөлініп кетуіне әкеп соғуы мүмкін.

Бір таң қалдыратыны, бұлар еш нәрседен қысылып-қымтырылмайды, өзгенің пікірімен санаспайды. Сондағы сылтаулары: Абай қазақты сынайды дейді. Қазақты емес, қазақтың бойындағы жаман қасиеттерді сынап отыр ғой. Намыстанса, түзелгені қайсы. Қазір «Қазақстан» десең шетелдіктер «Коррупция» деп ыршып түседі. Өйткені, «жалған намыспен, шынның бетін бояу» (Абай) арқылы еліміздің «жемқор, парақор, қылмыскер» атағын шығарды.

Сонау Америкада жүріп, шындыққа «жалғанның жібін жалғап» (Абай) шәкірт оқытып жүрген, өтіріктің отына оранып, өзін-өзі күйдірген, бізді де күйінді еткен, мақсат-парқы жоқ, бас-аяғы жоқ, мән-мағынасыз, таусылмайтын бұл не қылған жеккөрініш.

Қысқартып айтқанда, менің білетінім, Абайды мазақ қылғандарға, арандатқандарға қарсы арнайы тергеу жүргізіп, сот арқылы үкім шығаратын кез келген сияқты. Бұдан әрі Абайды арандатуға жол беру – мемлекеттік тұрғыдан қабылданып жатқан қаулылардың пәрменсіздігін танытады. Мемлекетіміздің бетіне шіркеу түсіреді. Екінің бірі. Өзге жол жоқ.

Егер, осы жолы керенаулық танытсақ, онда Мұхтар Әуезовтің есімін иемденіп отырған Институт пен мұражайдың өз міндетіне намыссыздықпен енжар қарағандығы деп түсінбеске, амалым жоқ.

 

Автор