«Қазақстанда ең төменгі айлық 300 мың теңге болуы керек»: Депутат Ринат Зайытов жалақы мәселесін көтерді
Мәжілісте бүгін 2024-2026 жылдарға жоспарланған бюджет жобасы талқыланды. Отырыста сөз сөйлеген депутат Ринат Зайытов Қазақстандағы қарапайым отбасының шығынын есептеп шықты. Елімізде ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге дейін көтеру керек деп есептейтін ол қаржы министрлігінің алдында мәселе көтерді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Зайытов аз айлыққа жұмыс істеп жүрген отбасыны мысалға алып, бір айлық шығындарын есептеп берді.
«Қарапайым арефметика көрсетейін. Мысалы 5 адамнан тұратын отбасы. Әкесі театр қызметкері, алатын айлығы 115 мың теңге. Шешесі кітапханашы сіздердің жетеді деп отырған 85 мың теңгелеріңізді алады. Бірінші балалары студент, екіншісі мектепте оқиды және үшінші баласы балабақшада. Азық-түлік, несие, бала-бақша және тағы да басқа шығындарды нақты келтіріп берейін. Жалпы отбасының табысы айына небәрі 200 мың теңге»,- деді отырыста сөз сөйлеген мәжілісмен.
Депутат мысал ретінде отбасының тұрмысққа қажетті барлық шығынын есептей келе жалпы сомма шығыны 254 мың 215 теңгеге шыққанын айтты. Ол министрлікке кедейлікпен күресу бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады.
Қаржы министрлігінің өкілі депутаттың сұрағына азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Кулуарға шыққаннан кейін депутат Ринат Зайытов журналисттердің «ең төменгі жалақы қандай көлемде болу керек» деген сауалына жауап берді. Депутат министрліктер бұл мәселені жіті қарап, қайта есептеу керек деп есептейді.
“Сол кезде министр маған «сіздің айтқаныңызбен келіспеймін» деді. Мен сол үшін арнайы есептеп келе осындай нәтижені шығарып бердім. Есептесін министрлік! Меніңше ең төменгі айлық 300 мың теңге болуы керек! Ұлттық компаниялардың басшылары, орынбасарлары жылына қанша сыйақы алатынын білесіз бе? Жүздеген миллиондап алады.Неге соны ретке келтірмейді. Сондықтан осылай айтуға мәжбүр болдық», — деді депутат Зайытов.
Мәжілісменнің айтуынша, қаржы министрлігінің ең төменгі жалақыны 85 мың теңге етіп белгілеу – президенттің тапсырмасын орындамау үшін қасақана жасап отыр» деп есептейтінін айтады.
«Бізде президент әр жолдау сайын кедейлікпен күресу керек деді. Жаңағы менің келтірген мысалым – сіңірі шыққан кедей отбасы болып министрліктің санағында есептелмейді. Орташа табысы бар отбасы. Ал кедейлік шегінен төмен тұратын отбасылардың жағдайы не болды? Басқасы не болып жатыр?» — дейді ол.