«Жайлы мектеп» жобасының топ-менеджерлері қанша жалақы алатыны белгілі болды

0

Samruk-Kazyna Construction АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов өз жалақысының мөлшерін, сондай-ақ  орынбасарларының айлық табысын жария етті, деп хабарлайды Kznews.kz.

Samruk-Kazyna Construction АҚ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруда. Баспасөз мәслихаты кезінде журналистер жобаның топ-менеджерлерінің жалақысы қанша екенін сұрады.

Мәулен Айманбетов өзінің төрт орынбасары бар екенін мәлімдеді. «Жайлы мектеп» жобасына жетекшілік ететін орынбасары – Амангелді Саттаров. Департамент директоры – Ербол Ахметов.

«Менің жалақымның мөлшері – шегерімдерсіз 1,8 млн теңге. Орынбасарым 1 млн 390 теңге алады, «таза» табысы – 1 млн 200 мың теңге, департамент директоры – 940 мың теңге алады», – деп жауап берді Айманбетов Ulysmedia тілшісінің сұрағына.

Сондай-ақ, брифинг барысында ол қазір оқу-ағарту министрлігі жоба бойынша оңтайландыруды жүргізіп жатқанын және жайлы мектептердің санын азайтып жатқанын айтты.

Айманбетовтың айтуынша, өңірлерге сапар барысында жекелеген мектептер құрылысына қажеттіліктің жоқтығы анықталды.

«Елестетіп көріңізші, біз мектеп саламыз, оның тек 40%-ын толтыру мүмкіндігі бар. Бізге мұндай мектеп не үшін керек? Кейбір жерлерде логистика бойынша екі шақырымнан аспайтын аумақ қолжетімді етіп жасалды», – деп сендірді ол жайлы мектептердің саны 401-ден 369-ға дейін қысқаруына түсініктеме бере отырып.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бүкіл республика аумағында екі климаттық аймақ және үш сейсмикалық аймақ бойынша сыйымдылығы 300-ден 2000-ға дейінгі оқу орындары салынады.

Осы жылдың сәуір айында депутаттар мектептер құрылысының неге әлі басталмағанына наразылық білдірген. Samruk-Kazyna Construction АҚ басшысы бұл процесс бюрократияға байланысты кешіктіріліп жатқанын айтқан.

Брифинг барысында ол ұлттық жобаның тұралап тұрғаны жайлы барлық қауесеттер мен болжамдар шындыққа жанаспайтынына сендірді.

«Жоба құрылыстың соңғы қабылданған директивалық мерзімдеріне сәйкес іске асырылуда. Құрылыс алаңдарында қолданыстағы желілерді шығару, топотүсірілім және геологиялық іздестіру, құнарлы қабатты алу, бақылау камераларын орнату, сынамалы қадаларды бітеу жүргізіледі. Сондай — ақ, әкімдіктердің қолдауымен мектептерді дұрыс орналастыру және конфигурациялау, сондай-ақ төрт жақтан ғимараттарға еркін жол жүруді және жеткілікті тұрақ орындарын қамтамасыз ету үшін қосымша жер учаскелері беріледі», — деді Айманбетов.