Аналарға «Асыл көмек» сый жасады
«Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы мен «Эко студия» сұлулық салоны бірлесіп, «Асыл көмек» әлеуметтік жобасын қолға алды. Астана қаласындағы №3 перинаталды орталығында босанған аналарға құрмет көрсетті. Тәуелсіздік күніне арнайы 16 анаға сый жасады.
«Нұр Отан» партиясы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға баса мән береді. «Көпбалалы аналар мен әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету аясында жаңа жобаны іске асырып отырмыз. Енді бұл жобаны үзбей жалғастыру жоспарымызда бар», – деді «Нұр Отан» партиясы Астана қаласына қарасты Сарыарқа аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бағлан Әлімғазина.
Жанар Нұғманова – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны. Астанадағы «Ана мен бала» орталығына босануға келген. №3 перинаталды орталықта аман-есен сәбиін өмірге әкелген. «Бұл – төртінші сәбиім. Осында босанғаныма қуандым. Дәрігерлер барлық жағдайды жасады. Көп рақмет!» – деді Жанар Нұғманова.
№3 перинаталды орталық – елордадағы ең көне ғимараттардың бірі. Ең алғаш 1964 жылы ашылған. Орталықта жылына 8 000-ға жуық, ал күніне 30-ға дейін бала дүниеге келеді. №3 перинаталды орталығының бас дәрігері Зайтуна Хамидуллинаның айтуынша, акушерлік салада жаңалық сирек кездеседі. Алайда заман талабына сай жаңа технологиялар, медициналық құрал-жабдықтар жаңартылып отырады. «Жүкті әйелдер арасында ұрықжолдастың шынайы өсуі диагнозы орын алып жатады. Ертеректе мұндай диагнозбен түскен әйелдердің жатырын алып тастайтын. Қазіргі таңда жаңа әдістердің арқасында бұл әдіс қолданылмайды. Биыл 8 әйелге осындай ота жасадық», – деді Зайтуна Хамидуллина.
Игі шара жыл сайын жалғасын табады. «Біздің орталық өз жұмысын бір жыл бұрын бастады. Мұқтаж жандарға көмек көрсету – сауапты іс. Сол себепті, бүгін біз осы бала босану орталығына келіп отырмыз. Алдағы уақытта осы балалардың 6 айға толуына дейін көмек көрсететін боламыз», – деді «Эко студияның» өкілі Айсұлу Ұрұмбаева. Демеушілік жасап, жас босанған аналар мен нәрестелерге сыйлық ұсынған «Эко студия» «Нұр Отан» партиясымен бірлескен қайырымдылық шарасын дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.
«Айқын» ақпарат
Дереккөз: Айқын