Дәретсіз тәспих тартып, зікір айтуға бола ма?
Ассаляму алейкум. Менің сұрағым: Дәретсіз тасбих тартуға болады ма? Ақжайық.
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Айша анамыз (р.а.) былай деген:
«Алла елшісі әркезінде Алланы зікір етіп жүретін»[1].
Аталмыш хадисті Имам Әбу Дәуід (р.а.) өзінің «сүнән» атты хадистер жинағында «Тахаратсыз Алланы зікір ететін адам жайында» атты бөлімінде келтірген. Осыған қарап-ақ жоғарыдағы хадистің дәретсіз немесе ғұсылсыз тәспих тартуға және зікір айтуға болатындығына дәлел екендігін аңғарамыз.
Абзалы қайсысы десеңіз, әрине абзалы — дәрет алып немесе ғұсылы болмаса, ғұсыл құйынып, одан соң зікір етуі. Өйткені басқа бір сөзінде Пайғамбарымыз: «Мен тахаратсыз Алланы тілге алуды қаламадым» — деген. Бірақ, бұл «мұстахаб» екендігін білдіреді. Тахаратсыз да, Алланы зікір ете беруге болады.
Дәретсіз не ғұсылсыз күйі Құран аятын оқуға бола ма? — дегенге айтарымыз: Дәретсіз Құран аяттарын жатқа немесе Құран кітабын ұстамай (тыссыз ұстамай), қарап оқуға болады. Ал ғұсылсыз Құран аяттарын жатқа болса да оқуға рұқсат жоқ. Сахаба Әзіреті Әлидің мынадай сөзі бар:
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) әр күйінде (деретті не дәретсіз) бізге Құран оқуды үйрететін. Бұл — жүніп болмаған кездерінде»[2].
Яғни, жүніп болып, ғұсылы бұзылған кездерінде Құран оқуды үйретпейтін, өзі де оқымайтын.
Абдусамат Қасым