Ұйғыр және Балқаш аудандарына қарасты ауылдар мобильді интернетке қосылу үстінде

0

Алматы облысында интернетпен қамту көрсеткіші 92,4% -ды құрауда. Жалпы, өңірде  380 ауылдық елді мекен болса, оның 351-і интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. Олардың 278 АЕМ-де 4G бар, деп мәлімдеді облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Ақыл.

«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабына сәйкес байланыс операторлары байланыс желілерін дамытуды дербес жоспарлайды және жүзеге асырады, ал байланыс операторлары өз желілерін жоспарлау кезінде бірінші кезекте экономикалық орындылықты ұстанады.

Жауаптылардың сөзінше, 2020 жылы ҚР ЦДИАӨМ мен байланыс операторлары арасында «250+» жобасын іске асыру жөнінде меморандум жасалған. Бас құжатқа  сәйкес, мобильдік операторлар радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін салық мөлшерлемесін төмендету есебінен 250 және одан жоғары халқы бар елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету бойынша міндеттер жүктелген.

«Лицензиялық міндеттемелерге сәйкес байланыс операторлары 3G стандартының мобильді кең жолақты интернетімен тек 10 мың адам тұратын елді мекендерді, ал 4G стандартының мобильді интернетімен – 50 мың адам тұратын елді мекендерді ғана қамтамасыз етуге міндетті.  Қазіргі уақытта ҚР ЦДИАӨМ бұл шектеулерді алып тастау бойынша жұмыстар жүргізуде»,-дейді Алматы облысы Цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Ақыл.

Бүгінгі күні  «КаР-Тел» ЖШС-і Ұйғыр ауданының Кепебұлақ ауылын мобильді байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде, сондай-ақ жыл соңына дейін Балқаш ауданының Орақты батыр, Қараөзек және Қоскүмбез ауылдарын мобильді интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Ағымдағы жылы FWA (Fixed Wireless Access – үйдегі сымсыз интернет) технологиясы бойынша интернетті халық саны 250 адамнан кем 6 ауылдық елді мекенге  жеткізу жоспарлануда.

Жандос Қанатұлының айтуынша, байланыс сапасына шағымдар туындаған жағдайда, абоненттер ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің Алматы қаласы және Алматы, Жетісу  облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы мекенжайына бар мәселені, байланыс деректерін және өтініш берушінің нақты мекенжайын көрсете отырып, ресми өтініш жазуға құқылы.

Сондай-ақ, спикер мобильді интернет жылдамдығының тұрақсыздығына байланысты сымды үй интернетіне сұраныс артып жатқандығын алға тартуда. Сонымен қатар, ол бұл мәселені шешу үшін облыс әкімдігі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-мен шағын байланыс операторларына электр беру желілерінің тіректерін өтеусіз негізде беру жөнінде келісімге келгенін атап өтті.

Қазіргі уақытта облыстың цифрлық технологиялар басқармасы облыстың елді мекендеріне жоғары жылдамдықты интернет жүргізетін бірнеше шағын байланыс операторларымен меморандумдарға қол қойды.

Облыс тұрғындарын сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету сұрағы тұрақты бақылауда.