Арықтаған соң, қайта семірмеуге септігін тигізетін диета анықталды

0
Арықтаған соң, қайта семірмеуге септігін тигізетін диета анықталды


Ғалымдар арықтаған соң, қайта семірмеуге септігін тигізетін диета түрін анықтады.

Испаниядағы Ровира и Виргили университетінің ғалымдары анықтағандай, төмен калориялы жерортатеңіздік диета салмақты азайтып, жүрек-қантамыры ауруларының алдын алады, деп хабарлайды Sputniknews.kz  MedicalXpress-ке сілтеме жасап.

Зерттеуге семіздік пен метаболизм синдромына шалдыққан 55 пен 75 жас аралығындағы 600 науқас қатысты.

Май мен көмірсу мөлшері аз диеталар салмақ тастау мен жүрек-қантамыры ауруларының алдын алуға көмектескенімен, мұндай рацион оң нәтижелерді ұзақ уақыт бойы сақтайды деген ғылыми дәлел жоқ болатын.

Тамақтанудың басқа түрі – жерортатеңіздік диетаға жүргізілген зерттеу көрсеткендей, осы диетаны ұстанып, дене шынықтырумен айналысқан науқастардың 33,7 пайызы бір жылдан соң кем дегенде бес пайызға салмақ тастаған. Әрі бұл диетаны ұстанбаған қатысушылармен салыстырғанда глюкозаны сіңіру айтарлықтай жақсарыпты.

Уақыт өте келе бұл жағымды өзгеріс сақталады, деп атап өтті ғалымдар.

Жерортатеңіздік диета кезінде адам көкөністер мен жемістер, бұршақ тұқымдастар, жаңғақ, дәнді-дақылдарды көбірек пайдалануы тиіс. Бұдан бөлек, қызыл етті азайтып, негізінен балық пен теңіз өнімдерін жегені абзал.