Бір әулеттен майданға аттанған жеті боздақ

0

Сұрапыл соғыс жай ғана тарих емес, ол – туғанын жоғалту, батылдық пен ерлік жолы, адамзат баласының басына түскен ауыртпалық дерті, зауыт станоктарында тер, майдан даласында қан төккен азаматтардың тағдыр-тәлейі. Сондықтан «Егемен Қазақстан» газетінің 31 шілде күнгі санында жарық көрген «Бір әулеттен майданға ат­танған бес боздақ» атты мақаланы оқи отырып, туған топырағымызда да орын алған осы тақылеттес оқиғаны оқырмандарға жеткізуді жөн санадым.

«Туған жерім Қызылжар»  атты кітабымда қазақ батырлары мен Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғауға аттанып, қайта оралмаған жауынгерлер жайында жазған едім. Бүгінгі әңгіме «Қызылжар» ұжымшарында тұрған, осы соғыста жеті баласын жоғалтқан Дүйсембиновтер отбасы туралы болмақ.

1941 жыл, «соғыс» деген суық сөз ауылды тез аралап кетті. Ауыл тұрғыны Дүйсембі Жантасовтың сегіз баласы да әкесінің есіміне жазылған болатын. Осы Дүйсембі мен Әнапияның отбасында өте ауыр қайғы орнады. Жеті ағайынды жігіт – Мағзұм, Шайгөз, Нұрмағамбет, Ахмет, Жақып, Шәйкен, Махмет майданға шақырылғандардың қатарына ілікті. Төртеуі 1942 жылы арасына 1-3 айдан ғана салып, ал екеуі 1943 жылы қаза тапты. Тек Шайгөз ғана елге аман-есен оралады. Әрине «балапан басына, тұрымтай тұсына» болған қасіретті жылдары ел басына түскен ортақ қайғы болғандықтан, ағайындылардың қандай жағдайда ажал құшқаны жайлы деректер жоқтың қасы. Тек «Боздақтар» атты кітапта үшеуі туралы қысқаша мәлімет бар. Ал қалған үшеуі жайлы дерек мүлдем жоқ, хабарсыз кеткендер қатарында. 

Осы ретте эпитафияларға (зират басындағы жазуларға) назар аударсақ, Мағзұм Дүйсембиновтің 1902 жылы туғанын, әскер қатарына 1942 жылы 10 маусымда шақырылғанын, қатардағы жауынгер ретінде 1942 жылы 28 тамызда қаза болғанын білеміз. Яғни, әскер қатарына іліккеннен кейін 2 ай 8 күннен соң оққа ұшқан. Ол Смоленск облысындағы кіші інісі Мах­мет­тің өлімінен кейін 10 күннен соң қаза тап­қан. Тверь облысының Ржев ауда­нын­дағы Табаково ауылында жерленген. 

Ал Нұрмағамбет Дүйсембинов 1907 жылы туған, майданға 1942 жылы 16 наурызда шақырылған. 1942 жылы қараша айында хабарсыз кеткен. Яғни, шақырылғаннан кейін 8 ай өткен соң еш хабар болмаған. Нұрмағамбеттің Волгоград облысындағы інісі Шәйкен де дәл осы айда хабарсыз кеткен екен. Ахмет Дүйсембинов болса 1911 жылы туған, 1941 жылы 28 қара­шада әскер қатарына алынып, 1943 жылы 6 ақпандағы ұрыста қаза та­уыпты. Жерленген жері – Ленинград облысының Лужский ауданындағы Подложено елді мекені. Ол Жақыптың хабарсыз кеткенінен 1 ай бұрын дүниеден өткен екен. 

Шахмет Дүйсембинов 1917 жылы дүниеге келіпті. 1942 жылы 18 та­мыздағы ұрыста қаза болған. Смоленск облысының Сафронов ауданындағы Малая Ивановская деревнясында бауырластар зиратына жерленген. Ал Жақып Дүйсембинов 1918 жылы туған, әскерге 1939 жылы шақырылған. 1943 жылдың наурызында хабарсыз кет­кен. Шәйкен Дүйсембинов 1921 жылы Қызылжар ауылында туған. 1941 жылы 19 маусымда шақырылып 1942 жыл­дың 28 қарашасында хабарсыз кетті. Яғни, қатардағы жауынгер Волгоград облысының Дерганово деревнясында майданға шақырылғаннан кейін 5 ай 5 күннен соң із-түзсіз жоғалған. 

Дүйсембі ақсақал 1943 жылы ақыр­ғы қаралы хабарды алған соң дүние салды. Ал Әнапия қандай да бір ғажа­йыпқа сенген болар, балаларының бар­лы­ғынан дерлік қаралы хабар алса да, тіпті кей кездері айына екі қара қағаз кел­се де үмітін үзбеді. Міне, аналық м­а­хаб­бат қандай?! Соғыстың соңына де­й­ін күтіп, Әнапия апамыз да өмірден озды. 

Ал Махметтің жалғыз қызы Зәукия Шайгөз ағасының тәрбиесінде болып, тұрмыс құрды. Ол он бала тәрбиелеп, кеуде­сіне «Алтын алқа» тақты. Қызыл­жар ауылының тұрғындары ағайынды Дүйсембиновтерді жақсы біледі. Боздақтардың атына көше де берілген. Ауылда алты азаматтың рухына арнап алты терек отырғызылған. Сондай-ақ соғысқа жеті ағайынды жігітпен бірге Мағзұмның үлкен ұлы Қамалиден Әбуов те аттанған екен. Қамалиден 1925 жылы туған. Ертіс толық емес орта мектебінің 8 сыныбын бітірген. Он жеті жастағы бозбала 1942 жылы соғысқа өз еркімен сұранған екен. Ста­линград қаласындағы ұрысқа қа­тысқан. Ол да хабарсыз кеткендер қатарында. Өкінішке қарай, Қама­­ли­­деннің Ұлы Отан соғысына қатыс­­қа­ндығы жөніндегі мәліметтер «Боздақтар» кітабына енбей қалған.

Бұл әулеттің қасіретіне теңдес қайғы Павлодар өңірі түгілі, ел көле­мін­­де болған жоқ. Сондықтан өзге де отан­дастары­мыз секілді облыс көлемінде опат бол­ған ағайынды жауын­­герлер − Ұлы Отан соғысының құрбандары Дүй­сем­биновтердің есімін де ұлықтауға тиіс­піз. Осы орайда облыс орталығы − Павлодар қаласының көшелеріне  қан майданда қаза тапқан ағайынды Дүйсембиновтердің есімі берілсе, Мәңгілік  алау жанына мемориалды ескерткіш орнатылса, сонымен қатар облыс музейлерінде және басқа да республика музейлерінде ағайынды жауынгерлердің есімдері құрметпен аталса деген ұсынысымыз бар. 

Елемес ҚАСЕНОВ,

Ертіс ауданының құрметті азаматы

Павлодар облысы,

Ертіс ауданы