«ҚАЛАМГЕР» КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТАДЫ | «Айқын» газеті
«Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы ынтымақтастық негізінде «Астана» арнасы жаңа тележоба әзірлеп жатыр. «Қаламгер» деп аталатын деректі фильмдер топтамасы 18 желтоқсаннан бастап көрерменге жол тартады.
Бағдарлама ел болашағы мен халқымыздың ынтымағын сөз етіп, рухани құндылықтарды әспеттеп, мемлекетіміздің келешегі мен бүгіні жайлы қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар, әдебиетшілер турасында болмақ. Қаламгерлер қауымы, шығармашылығы мен отбасылық өмірі жайлы әңгімелеп, қоғамдағы түйткілді мәселелерге қатысты ойларын білдіреді. «Жобаның мақсаты – елдің саяси-әлеуметтік тынысы төңірегіндегі зиялы қауым өкілдерінің пікірін қалың көрерменге ұсыну, осы арқылы азаматтық қоғам қалыптастыру», – дейді бағдарлама авторлары.
Бүгінге дейін көпшілік қауым ақын-жазушыларды шығармалары арқылы таныса, бұл жобада елдің сүйіктілері жаңа қырынан көрінеді. Бағдарламаның алғашқы саны жазушы, драматург Төлен Әбдікке арналады. Қаламгер өз сұхбатында «денсаулық пен оқырманның ақысы айқасқа түскенде, ойланбастан екіншісін таңдаймын» дейді. Бұл шешімі үшін кейін бір емес, бірнеше рет таяқ жеген. Бірақ оқырманның ықыласы мен құнды дүниенің өтеуі осы.
Деректі фильмдер топтамасында бұдан бөлек, Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Ақұштап Бақтыгереева, Маралтай Райымбекұлы, Бексұлтан Нұржекеев, Темірхан Медетбек, Айгүл Кемелбаева сынды ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы баяндалады.
Жобаның алғашқы саны 18 желтоқсан күні, сағат 20:00-де «Астана» арнасының эфирінен көрсетіледі.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ
Дереккөз: Айқын