Петропавлда орыс мектептерінде қазақ сыныбы ашылғанымен, бала саны жетпей жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында 454 мектептің әрбір төртіншісі ғана таза қазақ тілінде сабақ береді. Петропавлдағы үш орыс мектебінде қазақ сыныптары ашылғанымен, бала санын жеткізе алмай жатыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтарьдің айтуынша, өңірде 454 жалпы бiлiм беретiн мектеп бар: 112-сі немесе 24,7% қазақ тiлiнде, 21,1% немесе 96-сы — аралас және 54,2% немесе 246-сы орыс тiлiнде оқытады.
«Осы оқу жылында қазақ тілінде оқитын балалардың санын арттыру мақсатында облыстың 5 ауданында 8 мектепте қазақ тілінде сыныптар ашылды. Сондай-ақ, Чкалов арнайы мектеп-интернатында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған қазақ тілінде оқытатын сынып ашылды. Осы оқу жылында 1 сыныпқа 7739 бала қабылданды, оның ішінде 1775 бала қазақ тілінде оқып жатыр, бұл 23% құрайды», — дейді Елена Гонтарь.
Петропавл бойынша 36 мектеп болса, оның ішінде таза қазақ мектебінің саны алтау ғана. Бұл білім мекемелеріндегі оқушы саны — 3891.
Облыс орталығындағы 5 аралас мектепте 1123 бала қазақша білім алып жатыр.
Сонымен қазақ тілінде білім алып отырған қалалық оқушылардың саны- 5014, жалпы 26790 оқушы болса, бұл соның 18,7 % ғана.
«Қазақ тілінде оқитын балалардың санын арттыру мақсатында жаңа 2023-2024 оқу жылында Петропавлдың орыс тілінде оқытатын 3 инновациялық мектебінде 1-сынып ашылады: Бірінші қалалық ІТ-лицей — 20, «БЭСТ» гимназиясы — 20, Бірінші гимназия – 25 бүлдіршінді қабылдамақ.
Алайда сәуір айынан бері «БЭСТ» гимназиясына — 9, «Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT- лицейге — 11, Бірінші гимназияға — 4 оқушы ғана тіркелді», — дейді Елена Гонтарь.
Бұл жайында әлеуметтік желілерге, мемлекеттік мекеменің сайтына, қалалық білім бөлімінің сайтына, Instagram, Facebook, Telegram каналдарында хабарландыру берілгенімен ата-аналар баласын жаңадан ашылған қазақ сыныптарына беруге асығар емес.
«Әрқайсысына 10-15 бала жиналса да, қазақ сыныптары ашылады. Қазақша оқуға ниет білдірген бүлдіршіндер ешқандай тест тапсырмайды, әңгімелесу нәтижесімен қабылданады. Сондай-ақ бұл балаларға ұзартылған күн тобы тегін болмақ. Себебі, облыстық білім басқармасы жүргізген сауалнамадан білгеніміз, ата-аналардың 42% өздері қазақша білмегендіктен, үй тапсырмасын орындауда қиналады екен», — дейді Петропавл қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Бұлбұл Ахмади.