«Балуан Шолақ» көрерменімен қауышады
«Балуан Шолақ» – режиссер Нұргелді Садығұловтың көркем фильм саласындағы соны қадамы, тырнақалды туындысы екенін атап өткен жөн.
Соңғы екі ай шығармашылық топ үшін ауқымды түсірілімдердің монтажына арналды. Монтаждың соңғы нұсқасы «Қазақфильм» киностудиясының Сараптамалық кеңесіне көрсетіліп, осыдан кейін ғана дыбыстау, графика және түстеу жұмыстары атқарылды, – деді режиссер.
Сондай-ақ режиссер Бурабайда өткен түсірілімдер туралы баяндай келе: «Көкшетаудағы түсірілімдер өте сәтті өтті деп ойлаймын, себебі мен үшін табиғат таптырмас актер. Түсірілім кезінде жаңбыр жауып, боран да болды. Соған қарамастан, түсірілім тобы бір адамдай жұмыс істеді. Соның арқасында алдымызға қойған мақсатымызға қол жеткіздік» деген болатын.
Фильмнің түсірілімдері Алматы облысы, Павлодар қаласы және Бурабайда өткен. Көпшілік сахналарға 300-ге жуық адам қатысқан.
– Ең бастысы мен үшін Балуан Шолақтың бейнесін үлкен экранға әкелу және сол дәуірді көрсету болды. Актерлердің барлығы да барын салды. Дегенмен, Балуан Шолақ рөліндегі Еркебұлан Дайыров, Ақылбайды сомдаған Медғат Өмірәлиев пен Долгоносовты ойнаған Александр Багрянцевті ерекше атап өткім келеді, – деді режиссер Нұргелді Садығұлов.
Осы арада фильмге екі бірдей трейлер және екі саундтрек әзірленгенін айта кетелік. Фильм алдағы күндері қалың көрерменімен қауышады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/